Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов алкогольдік, токсикоманиялық немесе есірткілік масаң күйде автокөлік басқарған жүргізушілерге жазаны жеңілдетуге қарсы.
Бұған дейін Парламенттің бірқатар өкілдері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабына түзету енгізу туралы бастама көтерген болатын. Олардың пікірінше, мас күйде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен 7 жылға айыру – тым қатаң жаза. Парламентарий қоғамдық резонанс пен экономикалық факторды (көптеген жүргізушілер жүргізуші куәлігінен айырылумен бірге ұзақ уақытқа жұмысқа орналасу мүмкіндігінен де айырылады) ескере отырып, бұл бап қайта қарауды қажет етеді деген байлам жасаған.
Магеррам Магеррамов әріптестерінің бастамасын қолдаған жоқ және қолдамайды.
– Мені халық туралы ойламайсың деп айыптағанда, мен керісінше екенін дәлелдей аламын, – деді ҚХП фракциясының жетекшісі. – Мен заңды бұзуға жол бермейтін қоғам мүшелері тұрғысынан ойлаймын және алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде көлікке отыратын адамдардың кесірінен қарапайым азаматтарға қауіп төнбеуі тиіс деп санаймын.
Мәжілісмен дұрыс ойлай алмайтын күйде автокөлік басқару адамның өз еркімен жасалатынын еске салды. Демек, мұндай жүргізуші өз әрекеті үшін жауап беруі тиіс.
– Менің ойымша, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы – бұл салдары ауыр, оның ішінде өліммен аяқталатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу шарасы, – деп қорытындылады М. Магеррамов.
@halyk_partiyasy