Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын зерделеп жатыр. Жұмыс барысында Қазақстан Халық партиясының депутаттары белсенділік танытуда.
ҚХП атынан Мәжіліске сайланған депутат Ислам Сұңқар өзекті мәселе көтерді. Ол заң жобасының 13- бабында құқық қорғау органдарының теріс пайдалануына мүмкіндік беретін тұжырым бар екенін атап өтті.
– Адамды арнайы тізілімге енгізу және оның активтерінің шығу заңдылығын тексеру үшін мүлікті сатып алу көздерінің заңдылығына ақылға қонымды күмән келтірілуі мүмкін, – деді мәжілісмен. – Менің ойымша, мұндай ұғым бұлыңғыр және оны қолдану сыбайлас жемқорлықты өрбітуі ықтимал.
Заңды бас прокурордың орынбасары Ұлан Байжанов түсіндірді. Ол нормадағы ақылға қонымды күмән принципі белгілі бір тұлғаның шығыстары үшін актив көлемінің оның барлық заңды кірістерінің жалпы жиынтық мөлшеріне сәйкес келмеуінен туындайтынын түсіндірді.
– Міне, осы екі санның арасындағы айқын диспропорция негізсіз байлық ұғымын қалыптастырады, – деді бас прокурордың орынбасары.
Тағы бір белгі – күдіктіге берілген айқын артықшылық. Яғни билікпен тығыз байланыс арқылы алынған бизнесті жүргізу үшін қолайлы және бәсекеден тыс жағдай жасау.
– Біз олардың экономикалық мәні болмаған жағдайда коммерциялық немесе қаржылық операция жасауы туралы айтып отырмыз, – деп нақтылады Ұ. Байжанов. – Біз мұны мәміленің ауытқуы деп атаймыз.