Мәжілісмендер «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасын жұмысқа қабылдады. Алдағы уақытта 11 кодекске және 13 заңға өзгеріс енгізіледі. Мәжілістің жалпы отырысында құжаттың таныстырылымын «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының басшысы, депутат Магеррам Магеррамов жасады.
«Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасын әзірлеудің негізгі мақсаты – заңсыз сатып алынған және шығарылған активтердің сақталуын, басқарылуын, өткізілуін, іздестірілуін және мемлекетке қайтарылуын қамтамасыз етуге қатысты қоғамдық қатынастарды реттеу.
Заң жобасы активтерді анықтау және қайтару үшін қажетті заңнамалық негіздер мен жаңа құралдардың болмауына байланысты активтерді қайтарудың тетігін айқындауға бағытталған. Ілеспе заң негізгі заң жобасының ережелерін жүзеге асыру мақсатында әзірленді және қолданыстағы заңнамаға бірқатар түзету енгізуді көздейді. Атап айтқанда «Прокуратура туралы» Конституциялық заңға, Азаматтық, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Салық, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодекстерге сонымен қатар басқа да заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар қарастырылады.
– Бас прокуратураның құрылымында заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша жеке ведомство құрылады, ол осы саладағы уәкілетті органның функциясын орындайды деп болжанып отыр, – деп түсіндірді М. Магеррамов. – Бұған қоса мемлекетке қайтарылған активтерді жинақтау және басқару мәселелері бойынша арнайы мемлекеттік қор және басқарушы компания құрылады.
Қайтарылған активтер Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға және осы процесте ашықтық пен тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді.
– Осылайша активтерді қайтару саласындағы мемлекеттік органдар мен ұйымдар жұмысының нақты және ашық тетігі құрылады, – деді М. Магеррамов.
Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрақтарына жауап бергенде депутат «заңсыз сатып алынған актив» ұғымының заңды да, географиялық та шекарасы жоқ екенін түсіндіріп, бұл шетелдік меншікке де, ел ішіндегі меншікке де қатысты болатынын айтты.
– Мұнда ештеңе тегі мен мәртебесіне байланысты болмайды, – деп атап өтті ҚХП депутаты. – Әрекеті әшкереленіп, расталса, активтерді заңсыз сатып алған және шығарған кез келген азамат назарға алынады.
Палата заң жобасын жұмысқа қабылдады және талқылау үшін құжатты жұмыс топтарына жолдады.