«Болашақ» бағдарламасының қаражатын қайтаруға индексациялау тетігін енгізу қажет

dep.jpg

бейнеден кадр

«Болашақ» халықаралық стипендиясы бағдарламасы мемлекетке тым қымбатқа түсуде. Бұл мәселені Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы Мәжілістің пленарлық отырысында көтерді.

Фракция жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері мыңдаған отандасымыз мемлекеттік қаражат есебінен әлемнің жетекші университеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие болғанын атап өтті.

– Стипендиядан айырылған немесе елге оралып, міндетті еңбек өтеу шартын орындамаған жағдайда қаражатты қайтарудың қолданыстағы тетігі мемлекет шеккен нақты шығынды ғана өтеуді көздейді, инфляция мен ақшаның қазіргі құнын ескермейді, – деп атап өтті мәжілісмен.

Әртүрлі бағалаулар бойынша, бір стипендиаттың оқуына мемлекет жұмсайтын жалпы шығын магистратура бағдарламасы бойынша 60 мыңнан 150 мың АҚШ долларына дейін, ал докторантура бағдарламасы бойынша 200-250 мың АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін.

– Іс жүзінде қаражатты ұзақ уақыт өткеннен кейін қайтарған кезде мемлекет номиналды түрде сол соманы алғанымен, оның нақты сатып алу қабілеті айтарлықтай төмендейді, – деп түсіндірді М. Магеррамов. – Сараптамалық экономикалық есептеулерге сәйкес, шетел валютасындағы инфляция жылына шамамен 3% деңгейінде болғанның өзінде, 5-10 жыл ішінде қаражаттың нақты құны шамамен 15-30 пайызға төмендейді.

Номиналды соманы индексациясыз қайтару кезінде мемлекеттік бюджет іс жүзінде бір жағдай бойынша шамамен 34 мың АҚШ долларын жоғалтады. Егер стипендиаттардың кейбір санаттары бойынша мемлекеттің шығыны 150-200 мың АҚШ долларына дейін жететінін ескерсек, онда қаражатты 8-10 жылдан кейін қайтару барысында бюджет шығыны бір адамға шаққанда 50-70 мың АҚШ долларын құрауы мүмкін.

– Осындай жағдайлардың саны салыстырмалы түрде аз болғанның өзінде бюджеттің жиынтық шығыны қомақты көлемге жетуі мүмкін, – деп түйіндеді М. Магеррамов.

Депутаттардың пікірінше, қаражатты қайтаруға индексациялау тетігін енгізу бюджет қаражатының нақты құнын сақтауға, бағдарлама қатысушыларының қаржылық жауапкершілігін арттыруға, «Болашақ» бағдарламасын реттеу тетігін мемлекеттік білім беру инвестицияларын басқарудың халықаралық стандарттарына жақындатуға және республикалық бюджет қаражатын неғұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

– Бағдарламаны жүзеге асыруды реттейтін нормативтік құқықтық актілерге өзгеріс енгізу мәселесін қарастырып, стипендиядан айырылған немесе міндеттемелерін орындамаған жағдайда оқу шығындарын қайтару сомасын индексациялау тетігін енгізуді ұсынамыз, – деп қорытындылады М. Магеррамов.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy