Дұрыс басымдықтар

dep.jpg

әлеуметтік желіден

Қазақстан Халық партиясының Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының III республикалық форумында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген мәселелерді талдап шықты. Аталған іс-шара Конституциялық реформа мәселелері бойынша жалпыұлттық референдум қарсаңында өтті.

Мәжілісмен әрі омбудсмен Мемлекет басшысы өз сөзінде әлеуметтік саясатқа ерекше назар аударғанын атап өтті. Соның ішінде маңызды көрсеткіштердің бірі – мемлекеттік бюджеттің шамамен 50 пайызы әлеуметтік салаға бағытталатыны болды.

– Бұл – отбасыларды қолдау, мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсету, зейнеткерлерді қолдау, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін дамыту және азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететін басқа да бағыттарды қамтиды, – деді Кенжеғұл Сейтжан.

Сондай-ақ Президенттің әлеуметтік қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретіні туралы айтқан сөзі де ерекше назар аудартты.

– Сонымен бірге көмек әділ түрде және нақты оған шын мәнінде мұқтаж адамдарға бағытталуы тиіс, – деп атап өтті Кенжеғұл Сейтжан.

Депутат әрі уәкілдің пікірінше, мұндай тәсіл жаңа Конституция жобасында да көрініс тапқан. Атап айтқанда, денсаулықты қорғау құқығына қатысты баптарда бұл айқын байқалады.

– Бұл нормалар әрбір адамның медициналық көмек алуына деген негізгі құқығын бекітеді, – деп түсіндірді Кенжеғұл Сейтжан. – Адам денсаулығы мемлекет үшін негізгі құндылықтардың бірі болып қала береді.

Мүгедектігі бар адамдар, егде жастағы азаматтар және басқа да әлеуметтік осал санаттағы топтар үшін медициналық көмектің қолжетімділігі ерекше маңызға ие. Бұл тек ем алу ғана емес, сонымен қатар оңалту, толыққанды өмір сүру және қоғам өміріне белсенді қатысу мүмкіндігіне де әсер етеді.

– Сондықтан денсаулықты қорғау құқығы Конституцияда жай ғана бекітіліп қоймай, іс жүзінде нақты қамтамасыз етілуі маңызды, – деп түйіндеді Кенжеғұл Сейтжан. – Жаңа Конституция жобасындағы мұндай нормалар мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағыттылығын күшейтіп, адам мен оның денсаулығын қорғау басымдығын тағы бір мәрте айқындайды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy