Дәл қазір зейнет жасын ұлғайту – мемлекет пен қоғамның ең өзекті мәселесі. «Халық микрофоны» жобасының тікелей эфирінде осы тақырып талқыланды. Бағдарламада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Қуат Ерғалиев және «Әйелдердің зейнет жасын 58 жасқа дейін қысқарту» қоғамдық қозғалысының мүшелері қонақ болды.
Спикердің айтуынша, мемлекет осыдан бірнеше жыл бұрын әйелдердің зейнет жасын 63 жасқа дейін ұлғайту арқылы өрескел қателік жіберді.
– Билік партиясы бүгінгі күннің шындығын ескерген жоқ, – деді Қ.Ерғалиев, –Әйелдердің зейнет жасын ұлғайту экономикалық реформаның сәтсіздігін көрсетті.
63 жасқа дейін жұмыс істеу физикалық тұрғыда өте ауыр. Қазір әйелдер немере бағудың орнына жұмыс істеп, денсаулығын жоғалтып жүр. Үкімет «Күміс жас» бағдарламасын енгізіп, зейнеткерлерге қолдан жұмыс орнын ашуды жоспарлады. Бұл ретте мемлекет жұмыс берушінің шығындарының бір бөлігін өз мойнына алады, «күміс» қызметкер жалақысының басым бөлігі бюджет есебінен өтеледі. Қоғамдық қозғалыстың өкілдері бұл негізсіз әрекет деп санайды.
– Бұл қаражатты зейнеткерлерге тікелей зейнетақы түрінде төлеуге болатын еді, – дейді олар.
Парламентте Қазақстан Халық партиясының фракциясы ғана халыққа қарсы заңды қолдаудан қалыс қалды. ҚХП күш-жігерінің арқасында зейнет жасының мерзімін 61 жылға дейін шектеуге 5 жыл мораторий жарияланды.
– Біз лайықты қарттықты қолдаймыз, – деді Қ.Ерғалиев. – Өмір бойы Қазақстанның игілігі үшін еңбек еткен әйелдер бұған лайық! Кез келген реформа адам мен қоғамның жағдайын жақсартуы тиіс.
Халық партиясы өзінің зейнетақы бағдарламасын әзірлеп, оны жүзеге асыруды көздеп отыр. Бағдарламада зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендету, ынтымақты-жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшу және қазақстандықтардың игілігіне бағытталған басқа да баптар бар.