Жалдамалы жұмысшылардың құқығын қорғау керек

Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат Нұрсұлтан Шоқанов пен Эльмира Әуезова Алматы қаласындағы «CASPIAN BEVERAGE HOLDING» ЖШС ұжымымен кездесті.

Спикерлер еңбек ұжымына Халық партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

– Біздің партия бірінші кезекте халықтың әлеуметтік жағдайын назарда ұстайды. Өзекті мәселелерді Үкіметке жеткізіп қана қоймай, оның шешілуіне ықпал етеді. Жаңа Қазақстанға жалдамалы жұмысшылардың әлеуметтік және еңбек құқығын қорғайтын жаңа Еңбек кодексі қажет, – деді Эльмира Әуезова.

Сөз арасында ол Денсаулық сақтау саласына қатысты өзекті мәселелерді де тілге тиек етті.

– Медицина саласында білікті маман тапшы. Халық Дамумедке тіркелу мен дәрігердің қабылдауына жазылуда кедергі көп екенін айтады. Ал МӘМС жобасы үмітті мүлде ақтамады, – деді ол.

Партия өкілі Нұрсұлтан Шоқанов білім саласындағы кемшіліктерге назар аударды. Ол мемлекет жастарды тиісінше қолдамайтынын айтты.

– Халық партиясы барлық жастардың тегін кәсіптік және жоғары білім алуын жақтайды. Жеке колледждер, орта арнаулы және жоғары оқу орындарының студенттеріне ең төменгі жалақы (70 мың теңге) мөлшерінде ай сайын шәкіртақы бекіту қажет, – деді кандидат.

Кездесуде жұмыссыздық, көпбалалы аналар, қандастар мәселелері әңгімеге арқау болды. Сайлаушылар спикерлерге сұрақ қойып, нақты жауап алды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy