Психикалық кемістігі бар балаларға арналған жеке түзету орталықтары аккредиттеуді қажет етеді, – деп есептейді «Қазақстан Халық партиясы». Бұл осындай мекеме қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға көмектеседі. ҚХП депутаты Магеррам Магеррамов атап өткендей, соңғы жылдары аутизмі, сөйлеу қабілеті және мінез-құлқы бұзылған балалар саны артып келеді. Бізде мұндай сәбилерді түзететін мемлекеттік орталықтар болмағандықтан (қажетті әдістермен), бұл қажеттілікті ішінара жеке орталықтар жабады. Бірақ олардың қызметтерінің сапасы ұдайы бақылауда емес.
– Біз дамуында кідірісі бар балаларға қатыгездік көрсету фактілерінің жиілеп бара жатқанына алаңдаушылық білдіреміз, – деп атап өтті мәжілісмен.
Әдетте, кішкентай пациенттердің көпшілігі ауызша сөйлемейді және сөйлесе алмайды, демек олар шағымдануға қауқарсыз. Қазіргі уақытта бұл секторды бақылаудың нақты тетіктері жоқ. – Осыған байланысты жеке орталықтар мен олардың мамандарын регламенттеу және аккредиттеу қажеттілігі туындайды, - деді Магеррамов. - Қоғамдық ұйымдар мен ата-аналар қауымдастығы да бізге осы салада тәртіп орнату туралы өтінішпен жүгінеді.
Әрине, дәлелденген әдістемелермен жұмыс істейтін кәсіби орталықтар бар. Онда мамандарды өз есебінен оқыту жүргізіледі, барлық санитарлық нормалар мен ережелер сақталады, бейнебақылау орнатылған және ата-аналармен шарттар жасалған. Бірақ жеке орталықтарда соттылығы өтелмегендердің жұмыс істеуі, бейнекамералардың жоқтығынан балалардың әртүрлі жарақат алу жағдайлары жиі тіркеліп отыр.
Мұнда қалай тәртіп орнатуға болады? Ата-аналар қауымдастығы мен ҮЕҰ осыған байланысты бірқатар ұсыныстар жасады. Бұған дейін ҚХП Астана қалалық филиалы AUTISM Kazakhstan Ұлттық қауымдастығымен және «Мінез-құлықты қолданбалы талдау мамандарының қазақстандық бірлестігі» мекемесімен бірлесіп ынтымақтастық туралы үшжақты меморандум жасасқан болатын. Бірлескен жұмыс барысында олар Қазақстанда арнайы тізілім құру қажеттілігі туралы бастамалар әзірледі. Тізілім үш бағыт бойынша: мамандар тізілімі, жеке түзету орталықтарының тізілімі және балаларды түзету әдістемелерінің тізілімі.
– Бұл жалған мамандарды және жосықсыз орталықтарды ажыратуға мүмкіндік береді, – деп нақтылады ҚХП депутаты. – Сондай-ақ, бұл тізілім бұдан әрі мемлекеттік органдарға балаларды көбірек қамту және оңалту мен түзетуге кезектілікті азайту үшін мемлекеттік тапсырысты аккредиттелген жеке орталықтарға ұсынуға мүмкіндік береді. Қорытындысында Халық партиясы құрамына бірқатар мүдделі министрліктердің, "Атамекен" ҰКП, ҮЕҰ және ата-аналар қоғамдастығының өкілдері кіруі тиіс жеке түзету орталықтары мен мамандарды аккредиттеу мәселелері жөніндегі жұмыс тобын құруды ұсынады.
– Басты басымдық балалардың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігі мәселелері болуы тиіс, – деп түйіндеді Магеррамов. – Сондай-ақ, олардың сапалы түзету көмегін алуы маңызды.