Қазақстан Халық партиясы шенеуніктерге жетім балалар баспанаға мұқтаж екенін жеткізді. Мәселені Мәжілістің жалпы отырысында ҚХП депутаты Ирина Смирнова көтерді.
– Мемлекет үлкен өмірге қадам басқанда балалар үйлерінің түлектерін, патронаттық отбасыларда тәрбиеленген балаларды жеке баспанамен қамтамасыз етуге тиіс, – деп атап өтті депутат. – Бұл заңнамада жазылған.
Статистика бойынша бүгінгі таңда ержеткен 60 мыңнан астам жетім бала тұрғын үй кезегінде тұр. Тәуелсіздік жылдарында оларға небары 8 444 үй бөлінген.
– Жағдай осылай жалғаса беретін болса, кезекте тұрғандар 120 жылдан кейін ғана баспаналы болады, – деді И. Смирнова.
Ел арасында жергілікті шенеуніктердің жетімдердің ақысын жеп, оларға тиесілі үйлерге өзерінің туыстарын орналастырғаны туралы фактілер тіркелген. Мәселен, Петропавлда азаматтардың әлеуметтік осал санатына арналған, бірақ мемлекеттік қызметшілерге заңсыз берілген 1 500 пәтер табылды. Осыған ұқсас жағдай Қарағандыда және Қазақстанның басқа қалаларында да анықталды.
Қазақстан Халық партиясы тұрғын үй ваучерін қолдану, тұрғын үймен тікелей қамтамасыз ету, жекешелендіру құқығымен жалға берілетін тұрғын үй және басқа да әдістер арқылы ел азаматтарының осы санатын тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкіндігін шұғыл түрде қарауды ұсынды. Атап айтқанда, бұрын шетелге шығарылған, содан кейін елге қайтарылған қаражатты (670 млрд.теңге) жетім балаларға пәтер сатып алуға жұмсауға болады.