Жоғары технологиялар мүгедектігі бар адамдардың өмірін едәуір жеңілдетуі мүмкін. Мәжіліске Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Кенжеғұл Сейітжан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және өнертапқыш Ғалымжан Ғабдрешовпен кездесті.
Басқосу барысында мүгедектігі бар адамдардың өміріне жоғары технологияларды енгізу тәсілі талқыланды. Спикерлер Ғылым қорының гранты бойынша жүзеге асырылатын SEZUAL ғылыми әзірлемесін қолданысқа енгізу мәселесін тілге тиек етті. Бұған қоса Брайль қарпін қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде оқытудың маңыздылығына тоқталды. Айта кетейік, кезінде Ғалымжан Ғабдрешов зағип жандарға осы қаріпті өз бетінше үйренуге мүмкіндік беретін арнайы нұсқаулық әзірлеген.
– Ересек жаста көру қабілетін жоғалтқан адамдардың 90% -дан астамы тактильді оқи алмайды, – деді Кенжеғұл Сейітжан. – Себебі зағип болып туғандар мен балалық шағында соқыр болып қалған адамдар ғана мамандандырылған мектепке түсе алады. Ересектерге мұндай мүмкінік берілмеген.
SEZUAL өнертабысы Атырау облысында кеңінен танымал. Қанатқақты жоба Астанадағы мектептердің бірінде жүзеге асырылып жатыр. Өкінішке қарай, мұндай жобаларға көбінесе шетелдік компаниялар мен корпорациялар инвестор болады. Ал елдегі атымтай-жомарттар өнертабысты қолдауға ниет танытпайды.
– Отандық ғалымдардың инклюзивті бастамаларына жан-жақты қолдау қажет, – деп атап өтті ҚХП депутаты. – Мұндай өнертабыс қолданысқа енсе, зағип жандарға білім мен ғылымнан бастап, спортқа дейінгі аралықта тең мүмкіндік беріледі
Министр Саясат Нұрбек әлеуметтік ғылыми жобаларды жүзеге асыруға және қолданысқа енгізуге қызығушылық танытып қана қоймай, мәселені шешу үшін министрлік қызметкерлеріне бірқатар тапсырма жүктеді. Кездесуде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту туралы да әңгіме өрбіді. Бүгінгі таңда Брайль қарпімен басылған қазақ тіліндегі әдебиет өте аз. Ел тифлопедагог тапшы. Мамандар жалақының мардымсыздығынан басқа салаға ауысып кетеді. Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханалардың жеке үй-жайы жоқ. Бұл мәселелерді уақыт оздырмай шешу қажет.