
Алматыда өткен қалалық Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында жекеменшік білім беру ұйымдарын жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі тағы да сынға алынды. Жиынға Білім басқармасының, аудандық әкімдіктердің өкілдері, сарапшылар мен жекеменшік мектептер мен балабақшалардың директорлары қатысты.
2025 жылдың басынан бастап жекеменшік мектептерді қаржыландыру республикалық деңгейден жергілікті атқарушы органдардың қарауына берілген еді. Ал шілдеде Алматыда жекеменшік балабақшаларда ваучерлік жүйе бойынша қаржыландыру жобасы іске қосылды. Алайда бұл жүйенің іске асуы ойдағыдай болмай отыр: жекеменшік мектептер мамыр айының ақысын, ал балабақшалар маусым айының төлемін ала алмай келеді.
Бұған дейін қаржыландыру Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы арқылы жүргізілетін. Ал қазір бұл міндет жергілікті деңгейге жүктелгенімен, төлемдер кешігіп, жүйелі кедергілер туындап отыр.
– Кәсіпкерлерге 2023–2024 жылдардан қалған қарыз қазіргі жылдың есебінен өтеліп жатыр. Бұл – бизнеске ауыр салмақ. Ең бастысы – осы үшін нақты кім жауапты екені түсініксіз күйінде қалып отыр: министрлік пе, әлде жергілікті билік пе? – дейді Қоғамдық кеңес мүшелері.
Мәжіліс депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, Қазақстан Халық партиясының өкілі Ирина Смирнованың айтуынша, бұл мәселе Алматыға ғана тән емес, еліміздің өзге өңірлерінде де кездеседі.
Оның пікірінше, жекеменшік оқу орындары мемлекеттің әлеуметтік жүгін жеңілдетіп, мыңдаған баланың білім алуына мүмкіндік беріп отыр. Алайда мұндай мектептер мемлекеттік стандартқа сай білім беріп, тиісті лицензия бойынша жұмыс істегенімен, үнемі қаржылық қысымға ұшырайды. Жекеменшік мектептер мұғалімдерінің біліктілігін арттыру, оқу құралдарын сатып алу сияқты шығындарды өз есебінен өтейді. Тіпті қауіпсіздік пен білім сапасына қойылатын талаптар мемлекеттік мектептермен бірдей.
– Мемлекеттік мектептерге қаржы жылына екі рет – алдын ала бекітіліп бөлінеді. Ал жекеменшік мектептер әр ай сайын есеп беріп барып қана төлем алады. Оның өзі тек 9 айға қарастырылған. Соңғы уақытта бұл төлемдер ешбір түсініктемесіз кешіктірілуде. Мұндай жағдай жиі қайталанып жүр, – деді депутат.
Смирнованың айтуынша, егер бұл жағдай жалғаса берсе, көптеген жекеменшік мектептер мен балабақшалар жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Мұның соңы – қайтадан көп ауысымда оқитын сыныптар мен балабақша кезегінің ұлғаюына алып келеді.
– Мемлекет жекеменшік білім беру ұйымдарына қандай жолмен қолдау көрсетсе де – мейлі ол салық жеңілдігі болсын, тарифті төмендету болсын – ең бастысы, уәде етілген қаржыны уақытылы төлеуі керек, – деді Ирина Смирнова.
@halyk_partiyasy