Академиялық кітапхана форс-мажор жағдайында жұмыс істеп тұр

Қазақстан Халық партиясы фракциясының басшысы, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов сайлаушылармен кездесу үшін Параолимпиадалық жаттығу орталығы мен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасына барды.

«Каспий» спортты дамыту қоры» ҚҚ атқарушы директоры Абдусаид Назаров мен спортшылардың спортпен қалай шұғылданатыны көрсетілді. Бұған қоса орталықтың инфрақұрылымы таныстырылды. Атап көрсетерлігі мұндағы жеделсатылар мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген. Батырмалар Брайль шрифтімен жабдықталған, тірек-қимыл аппаратында ақауы бар спортшыларға жайлы жағдай жасалған, ал соқырларға арналған тактильді жолдың орнына балама – арнайы тұтқалар орнатылған.

Орталық ҮЕҰ-мен белсенді ынтымақтасады. Бұл жерде 4 500-ге жуық адам спортпен айналысады. Орталық қызметкерлерінің құрамында медицина қызметкерлері мен спорт дәрігерлері бар.

– Бізге келген әр адам ең әуелі спорт дәрігерінен кеңес алады, – деп түсіндірді Абдусаид Назаров. – Спортшыға спорт түрі мен тиісті жүктеме белгіленеді. Көптеген азаматтар дәрігерлердің қолдауымен оңалтудан өтеді.

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасына барған депутатты қызметкерлер кітапхананың, оның ішінде сол жағалаудағы жалғыз балалар бөлімшесінің жұмысымен таныстырды. Олар кітапхана ғимараты орталық жылыту жүйесіне қосылмағанын, автономды қазандық арқылы жылытылатынын айтты. Бұл өрт қауіпсіздігі тұрғысына қауіпті, ал дизель отынының қазіргі құны тұрғысынан қымбат.

– Осындай форс-мажор жағдайында жұмыс істейміз, – деді ҚР ҰАК пайдаланушыларға қызмет көрсету және идеология жөніндегі басшысының орынбасары Әлия Қожабекова. – Қыста суық, жазда ыстық. Қалай екеін түсінбейміз, айналамыздың барлығы орталық жылыту жүйесіне қосылған, біз тыс қалғанбыз.

Ә. Қожабекова елорда әкімдігі шара қолдануға уәде бергенін, алайда мәселені шешу үшін қыруар қаржы қажет болатынын айтты.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy