Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, профилактикалық шараларды енгізу және балаларды қылмыстық ортадан қорғау мәселелері Парламенттегі Қазақстан Халық партиясы фракциясының назарында.
Фракция жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың айтуынша, елімізде жасөспірімдер арасындағы қылмыс әлі күнге дейін жоғары деңгейде.
– Біз кәмелетке толмағандар жасаған құқық бұзушылықтар туралы жаңалықтарды жиі естиміз. Бұл жағдай мұндай құқық бұзушылықтарды жасаған балаларға қатысты алдын алу шараларына ерекше назар аударуды талап етеді, – деді депутат.
Республикада девиантты мінез-құлық көрсеткен жасөспірімдерге арналған арнайы білім беру ұйымдары бар. Бүгінде мұндай ерекше режимдегі 5 мекеме (Алматы, Абай, ШҚО, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында) жұмыс істейді. Оларда жыл сайын 11-18 жас аралығындағы 300-ге жуық «қиын» бала тәрбиеленеді.
– Бұл мекемелерден балалардың қашып кетуі, өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері, тіпті сол мекемелердің өзінде балаларға жасалатын құқық бұзушылықтар туралы ақпараттар жиі шығып жатыр, – деді Мәжіліс депутаты.
Осы жағдайлардан соң тәрбие немесе түзету процесі туралы сөз қозғау қисынсыз. ҚХП фракциясы қазіргі «алдын алу шараларының» өзі елдің болашағына қауіп төндіретініне алаңдаулы.
– Біз нені көздеп отырмыз?: ресоциализацияны ма, әлде балаларды азаптауды ма? Арнайы мекемелер – түрме мен үйдің арасындағы өткел ме, әлде девиантты мінез-құлық танытқан балалар үшін соңғы мүмкіндік пе? – деді депутат.
Сонымен қатар, мемлекет тарапынан әлеуметтік осал отбасылармен жүйелі жұмыс жүргізілмейді, виктимологиялық профилактика шаралары қолға алынбай отыр. Осыған байланысты барлық шара құқық бұзушылық болған соң ғана жаза қолдануға бағытталған, ал оның себептері мен алдын алу мәселелері назардан тыс қалып отыр.
Бүгінде түзету жүйесін жаңғыртуға қатысты бірнеше қадам жасалып жатыр. Уәкілетті орган девиантты мінез-құлықтағы балаларды оңалтуға бағытталған кешенді бағдарлама әзірлеуді қолға алған. Пилоттық жоба да іске қосылды. Алайда оның нақты нәтижелері туралы айтуға әлі ерте.
Осыған байланысты партиялықтар арнайы білім беру мекемелерін трансформациялау жөніндегі пилоттық жобаның барысын жариялауды және аралық нәтижелер туралы есеп беруді талап етті. Сондай-ақ ерекше режимдегі және арнайы білім беру ұйымдарын жаңғырту жобасын әзірлеп, девиантты мінез-құлық көрсететін жасөспірімдердің отбасыларымен жұмыс істеуге арналған кешенді бағдарлама қабылдауды ұсынды.