Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың Алматы облысындағы жұмыс сапары жалғасуда. Депутат Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Түрген ауылына барып, жергілікті халықтың мұң-мұқтажын тыңдады.
Сапар барысында ауылдың түйткілді мәселелері бірден көзге түсті. Елді мекеннің дәл жанында шамамен 20 гектар жерді алып жатқан қоқыс орыны орналасқан. Оған апаратын жолдың жағдайы да сын көтермейді — асфальт әбден тозған. Бұған қоса, тұрғын үйлер мен демалыс аумағына тым жақын жерде металл өңдейтін зауыт бар.
– Қоқыс мәселесі қазір шешіліп жатыр. Қалдықтар арнайы рұқсат етілген полигонға тасымалдануда. Ал зауыт алдағы екі айда Түргеннен басқа жерге көшіріледі, – деп түсіндірді жергілікті атқарушы орган өкілдері.
Алайда бұл – жалғыз мәселе емес. Ауыл тұрғындары көшелердегі жарықтың жиі өшетінін, мектеп оқушыларын тасымалдайтын автобус керектігін айтты. Бірақ бәрінен бұрын халықты ең көп алаңдататыны – ауыз судың тапшылығы. Бұл мәселе бойынша ауыл жұрты ұжымдық өтініш те жазған. Депутат келген кезде, тіпті ауыл әкімдігі ғимаратының өзінде су болмағаны жағдайдың қаншалықты ауыр екенін көрсетті.
– Мұндай жағдай бізде жиі қайталанады. Әсіресе жаз мезгілінде қиын, себебі тұтыну көлемі артады. Тұрмыстық қажеттілікке де, аулаларды суаруға да су жетіспейді, – дейді тұрғындар.
Судың жетіспеушілігіне себеп – Кеңес заманынан бері жөндеу көрмеген, әбден тозған инженерлік желілер мен меншік иесінің жауапсыздығы. 90-жылдары бұл желілер жекеге өтіп кеткен, содан бері ешқандай инвестиция тартылмай пайдаланылып келген. Қазір жағдай одан сайын ушығып отыр. Түргендегі су тарату торабына қарасты хлораторлық стансаға жаңа қожайын келген. Содан кейін су бағасы үш есеге қымбаттағанымен, сапасы одан әрі төмендеген.
Депутат Ирина Смирнова бұл жағдайды тереңірек зерттеп, желілердің жекеге өтуінің заңдылығын анықтауға ниетті. Сонымен қатар, ол бұл мәселені жеке бақылауына алып, жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындау жұмысын жеделдету және нысанды аймақтық әрі республикалық инфрақұрылымдық даму бағдарламаларына енгізу үшін тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс жүргізбек.