Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжілістегі сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов сайлаушылармен кездесу мақсатындағы жұмыс сапары аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Өңдеу өнеркәсібі комитетіне барды.
Бұған дейін Халық партиясы шағын және орта бизнеске жататын отандық кәсіпорындарды қолдау мәселесіне Үкіметтің салмақты әрі жан-жақты қарауы жөнінде бірнеше рет көтерген болатын. Себебі отандық бизнесті қолдау мен оның экономикалық жетістіктері елдің салық түсімі мен бюджетіне, тиісінше, әлеуметтік салаға тікелей әсер етеді.
– Дүниежүзілік тәжірибе көрсетіп отырғандай, шағын әрі заманауи техникалармен жабдықталған кәсіпорындардың артықшылығы көп. Олар технологиялық өзгерістер мен сұранысқа икемді түрде бейімделе алады, аз көлемде немесе жеке тапсырыспен өнім өндіруге бейім, бос жұмыс күшін тиімді пайдаланады және тағы басқа, – деді Магеррамов.
Мұндай бизнесті шағын және моноқалаларда ұйымдастыру аса қиын емес. Тіпті бұл тәсіл ішкі көші-қон мәселесін шешуге мүмкіндік береді: адамдар елорда немесе басқа да ірі қалалардан жұмыс іздеп кетпей, туған жерінде еңбек етеді.
– Бірақ бұл мәселені шешу үшін экономиканы басқаруда аумақтық тәсілдің нақты тәртібі қажет. Бұл – Қазақстандай кең байтақ ел үшін аса маңызды, – деп атап өтті депутат.
Қазақстандық кәсіпкерлер қауымдастығы өкілдерімен өткен кездесуде отандық тауар өндірушілерге қатысты бірқатар өзекті мәселе көтерілді. Әсіресе, шетелдік өнімнің қазақстандық өнім ретінде кіргізілуі алаңдатарлық жағдай ретінде ерекше атап өтілді.
– Бұл – ҚХП фракциясын қатты алаңдатып отырған мәселе. Мәжілістің жаңа сессиясы аясында біз бұл тақырыпты жан-жақты зерделеуге қайта оралмақпыз. Ол үшін барлық мүдделі тараптармен тығыз жұмыс жүргіземіз, – деді ол.
Депутаттың пікірінше, экономикалық саясатты сәтті жүзеге асыру – соның ішінде ШОБ-ты жүйелі қолдау арқылы – халықтың әл-ауқатын арттыруға негіз бола алады.