Әйелдердің зейнет жасын төмендету қажет

Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат, партия төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков Атырау қаласындағы «Көктем» базарында сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

Партия өкілі Атырау жұртымен жүздескенде Халық партиясы әйелдерді 58 жаста зейнетке шығуды қолдап бастама көтергенін айтты. Нәтижесінде, Үкімет зейнет жасын көтеруге 5 жылға мораторий енгізді. Сондай-ақ, партия АӘК-тен бас тартып, оның орнына балалар жәрдемақысының мөлшерін 70 000 теңгеге дейін көбейту керек деп есептейді.

Қазақстандағы әлеуметтік теңсіздік салдарынан, бүгінде 3 миллионға жуық адам кедейлікте өмір сүріп отыр. Сондықтан ҚХП «Кедейлікпен күрес туралы» заңның қабылдануын талап етеді және бүгінгі күнге ең төменгі жалақы 140 мың теңге болуы керек деп санайды.

Кездесуде көтерілген тағы бір мәселе – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Бұл – әлеуметтің әлеуетін арттыруға үлкен мүмкіндік. Сондықтан мемлекет жаңа салық саясатын енгізуі керек. Онда қазақстандық тауарлар үшін ҚҚС алынып тасталады, 5% көлеміндегі бірыңғай айналым салығы енгізіледі, ШОБ-ты несиелеудегі делдалдар жойылады.

– 19 наурыздағы сайлауға келіңіздер! Бұл тарихи мүмкіндік – билікті халыққа қайтару, елдегі қалыптасқан жүйені өзгерту. Мүмкіндікті жіберіп алмаңыздар, – деді Асхат Асылбеков.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy