Алимент қорын құру – уақыт талабы

dep.jpg

Қазақстан халық партиясы әрдайым балалар мәселесіне, соның ішінде балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған толық емес отбасыларға ерекше мән беріп келеді. Сол өзекті мәселелердің бірі – алимент проблемасы.

Бұл мәселе жуырда ерекше назарға ілікті. Мәжіліс депутаттары «Ayakids» атты түзету-дамыту орталығына барып, жағдаймен танысты. Депутаттық топ құрамында Қазақстан халық партиясы фракциясының жетекшісі, мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов та болды. Ол бұған дейін Қазақстанда Алимент қорын құру жөнінде бастама көтерген болатын. Оның жұмыс істеу тетігі қарапайым: баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ата-ана мемлекеттен төлем алады, ал мемлекет бұл қаражатты екінші ата-анадан, яғни, баласын қамтамасыз етуден жалтарып жүрген адамнан өндіріп алады. «Ayakids» орталығының мамандары бұл ұсынысты қолдайтындарын білдірді.

– Алимент қорын құру туралы бастаманың қоғамда қолдау тауып жатқаны қуантады, – деді Магеррамов.

Қазіргі статистикаға сүйенсек, алимент өндіруге қатысты құжаттардың шамамен 4%-ы орындалмайды. Бір қарағанда бұл аз көрінуі мүмкін. Алайда осы көрсеткіштің артында 300 мың баланың тағдыры тұр. Яғни, осынша бала жауапсыз ата-ананың назарынан тыс қалып отыр. Оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалар да аз емес. Алимент берешегінің мөлшері миллиардтаған теңгеге жетіп отыр.

– Ойланып көріңіздерші, мұндай жағдайдағы балалардың балалық шағы бақытты өтіп жатыр деуге бола ма? Жоқ, себебі жалғызбасты ата-ана күн-түн демей баланы бағып-қағып, оны аяққа тұрғызу үшін жанын салумен жүреді, – деді фракция жетекшісі.

ҚХП фракциясы тоғыз жылдан бері Алимент қорын құру бастамасын күн тәртібінен түсірмей келеді. Бұл қор – баласын жалғыз өсіріп, жауапкершілікті өз мойнына алған ата-анаға нағыз көмек болмақ. Мемлекет үшін де бұл тиімсіз шешім емес: қордан бөлінген қаражат кейін міндетті түрде тиісті ата-анадан қайтарылып отырады.

– Бұл мәселеде Үкімет бұрынғысынша қатаң позиция ұстанып отыр: ата-аналардың арасында масылдық көзқарас қалыптасып кете ме деп қауіптеніп, баланың бақытты балалық шағын қамтамасыз етуге асығар емес. Бірақ ел болашағы саналатын балаларды жоқшылықта, ашқұрсақ күйде, сапалы білімсіз өсіру қаншалықты тиімді? Бұл – терең ойлануды қажет ететін сұрақ, – деді Магеррамов.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy