Конституция – кемел келешек кепілі

dep.jpg Мәжіліс депутаты, «Қазақстан Халық партиясы» парламенттік фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов «ҚР Конституциясы – қоғам мен мемлекетті әлеуметтік жаңғыртудың негізі» деген тақырыппен өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.

Конференция «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың негізгі шарты ретінде конституциялық заңнаманы нығайту жөніндегі тәсілдерді талқылау мен әзірлеуді мақсат тұтты.

– Конституция – өзгермейтін мәтін емес, бұл Жаңа Қазақстан құрудың стратегиялық пайымы мен миссиясы, – деп атап өтті жиынның ашылуында сөз сөйлеген Парламентаризм институтының директоры, заң ғылымдарының докторы Қанатбек Сафинов. – Бұл біздің ортақ құндылығымызды, үмітіміз бен ұмтылысымызды бейнелейді және жетістікке жету жолында өзгермейтін бағдар болады.

Конференцияға қатысушылар конституциялық заңнаманың түрлі аспектілеріне тоқталды. Ата заңның саяси жүйедегі және ел азаматтарының құқығын қамтамасыз етудегі маңызды рөлін тілге тиек етті.

М. Магеррамов «Әлеуметтік мемлекет шеңберіндегі әлеуметтік әділеттілікті дәйекті бекіту» деген тақырыпта баяндама жасады.

Конференция соңында конституциялық заңнаманы одан әрі жетілдіру бойынша Парламентке жолданатын ұсыным жарияланды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy