Мүгедектігі бар балалардың ата-аналары гранттық жұмыстан заң бойынша босатыла ма?

dep.jpg

Ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға қойылған білім гранты міндетін жұмыспен өтеу талабының күшін жою туралы нормалар мәдениет және білім мәселелері жөніндегі заңнамаға түзету енгізу шеңберінде қаралады. Үкімет Қазақстан Халық партиясының сұрауына осылай деп жауап берді.

Бұған дейін ҚХП фракциясының басшысы, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов Үкіметке мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарды және мүгедек адамдардың қамқоршыларын білім грантын жұмыспен өтеу талабынан босату жайында сауал жолдады.

– Балаларының ауыр сырқатына байланысты мүгедек балалардың ата-аналары грантты жұмыспен өтей алмайды, өйткені олардың балалары үнемі күтімді қажет етеді, – деп түсіндірді мәжілісмен. – Мұндай ата-аналар арасында мүгедектігі бар баланы жалғыз тәрбиелеп отырғандар көп. Бүгінге дейін грантты өтемеген отбасыларға миллион төлем көлемінде міндеттеме жүктелуде.

ҚХП бұл мәселені бұған дейін де көтерді. Премьер-министрдің орынбасары А.Көлгінов болған кезде Үкімет мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған немесе мүгедектердің қамқоршысы болып табылатын жас мамандарды гранттық жұмыстан босату Қазақстанның қазіргі мемлекеттік саясатына сай келетінін алға тартты. Осымен мәселе жабылды.

– Шын мәнінде Үкіметтің мүгедектер мен олардың отбасына немкеттілікпен әзірлеген көмек көрсету және қорғау тетігі жұмыс істемейді, – деді депутат. – Үкіметтің әрекетсіздігі мен ел азаматтарының тағдырына деген ұстанымы жаныңды қариды.

Осы жолы депутаттық сауалға берген жауабында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Парламент депутаттары мәдениет және білім мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге түзету енгізу туралы бастама көтергенін айтты. Бұл тұрғыда «Білім туралы» заңға аталған санаттағы адамдарға қатысты грантты жұмыспен өтеуден босату жөнінде тиісті норманы енгізу ұсынылған.

Атап айтқанда, 18 жасқа толмаған мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын адамдарды осы міндеттен босату ескерілген. Сонымен қатар І топтағы мүгедек саналатын отбасы мүшесіне, ІІ топтағы жалғызбасты мүгедекке және көмекке мұқтаж зейнеткерге, сондай-ақ қарттарға күтім жасап отырған адамдарға да тиісті жеңілдік берілуі мүмкін.

Қазақстан Халық партиясы фракциясы шұғыл түрде құқықтық нормативтік актілерге өзгеріс пен толықтыру енгізіп, жәрдемақы төлеуден босатылған адамдарды, мүгедек балалардың ата-аналары мен мүгедектердің қамқоршыларын қосып, мәселені шешуді талап етеді.

«Аталған түзетулер бойынша ұстаным ҚР Үкіметінің регламентінде белгіленген тәртіппен ҚР Парламенті Мәжілісіне ұсынылады», – деп атап өтті Ә. Смайылов. Бұл нормалар қабылданса, ол заң қабылданғанға дейін оқуын аяқтаған борышкерлерге қатысты бола ма?


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy