ҚХП атынан сайланған Мәжіліс депутаты Асылбек Нұралин өңірлерге кезекті жұмыс сапарымен Павлодар облысына барды. шықты. Бұл сапардың басты мақсаты – халықпен кездесу және жергілікті жерлердегі ахуалды зерттеу.
Алдымен халық қалаулысы ҚХП Павлодар облыстық филиалының басшылығымен және партия белсенділерімен, сондай-ақ мәслихаттағы ҚХП депутатарымен жүздесті. Кездесу барысында Асылбек Нұралин ҚХП фракциясының заң шығару бағытындағы жұмысы туралы айтып, қазіргі таңда Салық кодексіне маңызды өзгерістер енгізіліп жатқанын атап өтті. Бұл өз кезегінде елдегі бизнес жүргізу жағдайын едәуір жақсартуға септігін тигізбек. Сонымен қатар, ол кәсіподақ жұмысына қатысты мәселелер де көтерілді.
– Бұл сала заңнамалық тұрғыдан тереңірек зерттеп, жетілдіруді қажет етеді, – деді депутат.
Кездесуде ауыр әрі зиянды еңбек жағдайындағы жұмысшыларға қатысты өзгерістерге ерекше назар аударылды. Асылбек Нұралиннің айтуынша, бұл түзетулер еңбек, зейнетақы және азаматтық заңнаманың бірнеше маңызды саласын қамтиды.
– Барлық бастама еңбек жағдайын жақсартуға және жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуын арттыруға бағытталған, – деп атап өтті ол.
Депутаттың сөзінше, ҚХП фракциясы заң жобасына 59 ұсыныс пен толықтыру енгізсе, соның 38-і қолдау тапқан.
– Бұл – партияның елдегі әлеуметтік және экономикалық ахуалды жақсарту жолында белсенді жұмыс істеп жатқанын көрсетеді, – деді ол.
Бұдан бөлек, кездесуде блогерлер мен әлеуметтік желі қолданушылары тарататын ақпараттың шынайылығы мен бейтараптығына жауапкершілікті арттыру мәселесі де талқыланды. Асылбек Нұралин қазіргі заманда ақпараттың шынайылығы мен оның қоғам санасына әсері ерекше маңызды екенін атап өтіп, бұл салада бақылауды күшейту қажеттігін жеткізді. Өз кезегінде, партия филиалының белсенділері өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.