Мәжілістің сегізінші шақырылымындағы үшінші сессия аяқталған соң, депутаттар өңірлерге іссапарға аттанды. Сапар барысында олар сайлаушылармен кездесіп, мемлекеттік мекемелерді, еңбек ұжымдарын, үкіметтік емес ұйымдарды аралап, тұрғындармен кері байланыс орнатуға бағытталған іс-шаралар өткізуде.
ҚХП атынан сайланған Мәжіліс депутаты Асылбек Нұралин Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, облыстық «Жасөспірімдер үйіне» бас сұқты. Сапарды партияның өңірлік филиалы ұйымдастырды. Депутат мекемедегі тәрбиеленушілердің жағдайымен танысып, балалармен, ұстаздармен және мекеме басшылығымен әңгімелесті. Кездесу барысында жасөспірімдерді тәрбиелеу, білім беру мен әлеуметтік қолдау мәселелері көтерілді.
Содан кейін Асылбек Нұралин Өскемен қаласындағы мамандандырылған балалар үйіне барды. Онда мекеме қызметкерлерімен кездесіп, бөлімдердің жұмыс барысын бақылап, қызметкерлердің өтініштері мен ұсыныстарын мұқият тыңдады. Сондай-ақ мекеме басшылығы депутатқа бейімдеуші дене шынықтыру бөлмесін, төрт жасқа дейінгі сәбилерге арналған ясли бөлімін және жетім балаларға арналған бөлімді көрсетті.
Балалар үйі ұжымының тарапынан жұмыс жағдайы, қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету және балаларға психологиялық қолдау көрсетуге қатысты өзекті мәселелер көтерілді, – деді Асылбек Нұралин кездесу қорытындысы бойынша.
Депутат сондай-ақ аутизм спектрі бұзылысы бар балаларға арналған «Ғажайыптар елі» атты оңалту және дамыту орталығына барды. Ол орталық басшылығымен және мамандарымен кездесіп, ерте диагностика, көмек қолжетімділігі және ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларды мемлекеттік қолдау тетіктерін талқылады.
Бұл орталық ерекше маңызға ие орын. Мұнда ерекше балалар қолдау тауып, дамуға, қоршаған ортамен қарым-қатынас орнатуға және өздерін қауіпсіз сезінуге мүмкіндік алады, – деді депутат.