Құрғақшылық жайлаған ауылдар

dep.jpg көрнекі фото

Алматы облысының ауыл-аймақтарындағы ауызсу мен суармалы судың тапшылығы, рұқсатсыз қоқыс үйінділері, инженерлік желілер мен инфрақұрылымның тозуы – бұл Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясының өкілі Ирина Смирнова жұмыс сапары барысында көз жеткізген негізгі мәселелердің бір парасы ғана.

Депутаттың айтуынша, жағдай өте күрделі. Кеңес заманынан қалған су құбырлары 40-50 жыл қызмет етіп, әбден тозған. Соңғы жылдары бюджеттен қыруар қаржы бөлінгенімен, жаңадан салынған құбырлар халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ете алмай отыр. Кейбірі пайдалануға берілсе де, әлі күнге дейін жұмыс істемейді. Суармалы жүйелер де жарамсыз күйге түскен.

– 50 жыл бұрын салынған, әрең дегенде жұмыс істеп тұрған жүйені мүлде құртып, орнына жаңасын дұрыстап сала алмадық! Бәлкім, қаражатты талан-таражға салған шығар, болмаса кәсіби біліктілік жетіспейді. Не де болса, бұл іске жауапты адамдар ар-ұяттан айырылғандай, – деді депутат.

Мұндай бейберекетсіздікке Талғар ауданында болған жағдайды мысалға келтірілді. Мұнда суару жүйелерін жаңғыртуға 18 млрд теңге бөлінген. Алайда былтырғы қуаңшылық пен су тапшылығынан ондаған гектар жердегі көпжылдық жеміс-жидек алқаптары қурап кеткен. Мердігер мекеме каналдарды жөндеу барысында су бұратын арналар мен қосымша су көздерін қарастырмаған, ал кей тұстарда су бөлуге арналған қақпаларды да орнатпаған. Канал толық бұзылып, орнына үлкен бетон лотоктар салынбақ болғанымен, құрылыс тоқтап, су келуі мүлде үзілген. Нәтижесінде шаруалардың егіні ғана емес, алма бақтары мен таңқурай, қарақат секілді көпжылдық дақылдар да жойылып кеткен. Мұндай жағдай тек Талғар ауданында емес, өзге өңірлерде де кездеседі.

– Су жоқ! Арық жүйесі істемейді, өйткені кей жер телімдері ауылшаруашылық мақсатына жатпайды. Ал кейбір су арналары жекенің қолында. Жеке меншік иесі алдымен өз жерін суарады, содан соң қалтасы қалыңдарға су беріп, өзгелерді қараусыз қалдырады. Су үшін жанжал да болып жатыр. Бұл мәселені шұғыл шешу керек, – дейді Ирина Смирнова.

Ауылдарда рұқсатсыз қоқыс полигондары мен лас ағынды сулар – тағы бір өзекті мәселе. Бұған қоса, жарықтың, жолдың, балалар алаңдарының және мәдени нысандардың жетіспеуі – әр ауылдың мәселесі.

– Бірақ осының бәріне қарамастан жергілікті жерлерде батыл, белсенді азаматтардың, қоғам өкілдерінің пайда болып жатқанына қуаныштымын. Олар әкімшілік өкілдеріне ойын ашық айтып, мәселені жасырмай жеткізе бастады, – деді депутат.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy