Мәжіліс «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасын қарауға қабылдады. Құжатты әзірлеу үшін жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобын Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов басқарады.
Депутаттың айтуынша, бұл заң жобасының мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу саласында бірыңғай мемлекеттік саясат қалыптастыру, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету.
– Жаңа заң жобасы қазіргі кезде қолданыста жүрген бес ұқсас құжатты бір заңға біріктіреді. Онда құқық бұзушылықтардың себептері мен алғышарттарын жоюға бағытталған мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілеттіктерін кеңейту көзделіп отыр, – деді депутат.
ҚХП депутатының айтуынша, заң жобасы азаматтардың да құқық бұзушылықтардың алдын алу ісіндегі белсенділігін арттыруды көздейді. Олар бұл салада дербес субъект ретінде әрекет ететін болады.
– Жұмыс барысында ерте алдын алу шараларына ерекше мән беруіміз қажет. Себебі дәл осы бағыт адамды тек құқық бұзудан ғана емес, сондай-ақ қылмыс жасау қаупінен де сақтайды, – деді Магеррамов.
Қазақстан Халық партиясы мектеп жасынан бастап балаларға құқықтық тәрбие беру мәселесін бірнеше рет көтерген болатын.
– Оқыту мен ақпараттандыру арқылы халыққа ең аз дегенде базалық құқықтық білім беруіміз керек. Бұл – адамгершілік пен мәдениетті тәрбиелеудің маңызды бөлігіне айналуы тиіс. Мұндай тәсіл құқық бұзушылықтардың алдын алуға тікелей ықпал етеді, – деді ол.