Мәжілісте су саласындағы түйткілдер талқыланды

dep.jpg

Мәжілісте сумен жабдықтау және су бұру мәселелеріне арналған Үкімет сағаты өтті. Жиында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов баяндама жасап, депутаттардың сұрақтарына жауап берді. Халық қалаулылары министрлік жұмысына қатысты бірқатар сын айтып, Үкіметке өз ұсыныстарын жолдады.

Алдымен министр мәжілісмендерге жаңа Су кодексін шұғыл әрі сәтті қабылдағаны үшін алғыс білдірді.

– Жаңа Кодекс елдің орнықты экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, халықтың өмір сапасын арттыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. Құжат су ресурстарын қауіпсіз, тиімді әрі ұтымды пайдалану мен оны тұрақты сақтау шараларын көздейді, - деді Нұржігітов.

Министрдің айтуынша, 2021-2025 жылдар аралығында шамамен 7 мың шақырым суару арналары жаңғыртылады. Бұдан бөлек, ірі гидротехникалық нысандарда да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

– Былтыр министрлік жалпы құны 600 миллиард теңгеге жуық 137 жобаны іске асырды. 2025 жылы 184 миллиард теңгеге 138 жоба жүзеге асады, – деді ведомство басшысы.

Алайда Нұржігітовтің бұл баяндамасы депутаттардың көңілінен шықпады. Олар көптен бері шешімін таппай келе жатқан жүйелі мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова министрге елдегі кәріз жүйесінің, соның ішінде елордадағы ахуалы өте мүшкіл екенін еске салды.

– Қалалық инфрақұрылымның жағдайы расымен-ақ өте нашар. Астананың өзінде сасық иіс жиі шығып тұрады. Ал Үркердегі тұрғындар үшін бұл – күнделікті азап, – деді депутат.

Осыған ұқсас жағымсыз жағдайлар Алматы облысындағы Асыл Арман мен Ащыбұлақ елді мекендерінде де байқалады. Мұндай мәселе еліміздің басқа өңірлерінде де бар.

– Үкіметке берілетін ұсынымдар тізіміне кәріз жүйесін қайта жаңарту және оның жағдайын бақылауға алу мәселесін қосуды сұраймын, – деп түйіндеді өз сөзін Ирина Смирнова.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy