Ауыл игілігі - ортақ мүдде

dep.jpg

11 мамыр күні өткен сайлау нәтижесінде ШҚО Марқакөл ауданына қарасты Тосқайын ауылдық округінің әкімі болып Қазақстан Халық партиясының өкілі Эдуард Авкубаев сайланды. Бұл туралы учаскелік сайлау комиссиясы хабарлады.

47 жастағы Эдуард Авкубаев Тосқайын ауылында тұрады. Ол еңбек жолын 1996 жылы Успен негізгі орта мектебінде бастаған. 2019 жылдан бері «Марқакөл орман шаруашылығы» КМК-да Марқакөл орманшылығының басшысы қызметін атқарды.

– Осы жылдар ішінде түсінгенім: ауылдық округтің әл-ауқаты – біздің бірлескен жұмысымыз бен даму жолындағы ынтамызға байланысты. Менің мақсатым – округімізді әрбір тұрғын үшін қолайлы, қарқынды дамыған әрі болашағы зор мекенге айналдыру, – деді Эдуард Авкубаев үгіт-насихат науқаны кезінде.

Жаңа әкім округтің экономикалық әлеуетін арттыру үшін жұмыс орындарын көбейтуге және жергілікті кәсіпкерлерді қолдауға басымдық бермек. Сондай-ақ, күн тәртібінде жол жөндеу, сумен қамту жүйесін қалпына келтіру және ауылдарды абаттандыру мәселелері тұр.

– Жастар – біздің болашағымыз. Олардың дамуына және өзін-өзі қалыптастыруына бар жағдайды жасау үшін барымды саламын. Ауылға көшіп келген жастардың жұмысқа орналасуы мен баспана мәселесіне де жан-жақты қолдау көрсетемін, - деді жаңа сайланған әкім.

Сонымен қатар, партия өкілі тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатуға дайын екенін, кез келген сындарлы пікір мен ұсынысқа ашық екенін айтып, жергілікті халықтың ортақ мәселелерін бірлесе отырып шешуге ниетті екенін жеткізді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy