Ақтауда әлеуметтік мәселелер талқыланды

Мәжілістегі Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаты, Президент жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан Маңғыстау облысының Ақтау қаласында азаматтарды қоғамдық қабылдау өткізді.

Қабылдауға келген тұрғындар мүгедектігі бар жандарды әлеуметтік қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету жүйесіндегі қиындықтар, кадр тапшылығы, жұмыссыздық, баспана жетіспеушілігі, мүліктік құқықтардың бұзылуы сынды күнделікті өмірде туындайтын өзекті мәселелерді көтерді.

1

– Әрбір өтініш жеке қаралды. Көтерілген мәселелерге нақты шешім жолдарын қарастырамыз, – деді депутат қабылдау қорытындысы бойынша.

2

К.Сейтжанның айтуынша, жүйелі проблемалардың туындауына тек шенеуніктердің немқұрайлылығы емес, заңнамалардағы олқылықтар да себеп болып отыр. Бұл мәселелерді шешу үшін бірқатар заңнамалық бастамалар көтеру қажеттігін атап өтті.

3

– Қоғамдық қабылдау қорытындысы бойынша тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беріледі. Біз бұл тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылауда ұстаймыз, – деп сендірді мәжілісмен.

Ақтаудағы жұмыс сапары аясында депутат-омбудсмен «Инклюзивті саясат: әлеуметтік және бизнес нысандарының қолжетімділігі» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысты. Іс-шара Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Ұрысбаевтың төрағалығымен өтті.

4

5

6

Жиында мемлекеттік органдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар мен әлеуметтік осал топтардың мүддесін қорғап жүрген белсенділер сөз сөйледі. Олар инклюзивті қоғам қалыптастыру, ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік және коммерциялық инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігін арттыру мәселелерін талқылады. Дөңгелек үстелде Маңғыстау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева өңірдегі инклюзивті саясатты дамыту мен ілгерілетуге арналған жоспармен таныстырды.

7


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy