ҚР ҰЭМ зиянды өнімдерге акциз қарастырмайды

dep.jpg

ҚР Ұлттық экономика министрлігі денсаулыққа зиянды өнімдер мен сусындарға акциз енгізуді талқыламайды. Бұған дейін Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы осындай бастама көтерген болатын.

Жалпы отырыстың бірінде ҚХП фракциясының басшысы, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов қазіргі салықтық әкімшілендіру формалды заң бұзушылықтар бойынша жазалауға бейім әрекет етуге бағытталғанын, сөйте тұра, бюджетті толықтырудың маңызды әлеуметтік маңызы бар нақты құралдарын назардан тыс қалдыратынын атап өтті.

– Зиянды азық-түлікке салық енгізу тәжірибесі бүгінде әлем бойынша айтарлықтай кең таралған, - деді мәжілісмен шетелдік тәжірибеге сүйене отырып. - Медициналық қызметтердің мәліметінше, көп жағдайда, бұл шаралар халық денсаулығына оң әсер етіп, зиянды өнімдерді тұтыну айтарлықтай төмендеген.

Үкімет сол тұста «бүгінде жаңа салықты енгізу қажеттілігі жоқ» деп жауап берген болатын. Кейінірек Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бұл туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

– Бұл мәселеде салалық мемлекеттік орган бастамашы болуы тиіс, - деп мәлімдеді ол. - Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігі құрамында қант бар сусындарға акциз енгізу мәселесін көптен бері қарастырып келеді. Бірақ бұл жерде де әлі шешім қабылданған жоқ.

Министр акциздерді енгізу кезінде белгілі бір процедуралар бар екенін атап өтті. Кез келген қосымша салық бизнес саласымен талқыланып, реттеушілік әсердің талдауынан өтуі тиіс.

– Бізде зиянды өнімдер бойынша мұндай талқылау болғаны есімде жоқ, - деп нақтылады Қуантыров. - Егер мұндай ұсыныстар түсетін болса, онда біз оларды жұмыс барысында, бизнес өкілдерін қатыстыра отырып, жан-жақты талқылаймыз.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy