Отбасы дағдарысы: себеп пен салдар

Қазақстан Халық партиясының «Халық аманаты» жобасы аясында Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жанындағы әйелдер қанаты қоғамда аса өзекті мәселеге айналған – ажырасу деңгейінің артуына байланысты диалог алаңын ұйымдастырды.

Шараға Жастар ресурстық орталығының өкілдері, студенттер, жас отбасылар, мектептердің әлеуметтік педагогтары мен психологтары, облыстық білім басқармасына қарасты Психологиялық қызмет орталығының мамандары және басқа да сала өкілдері қатысты. Сарапшы ретінде СҚО-дағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы, Петропавл қалалық АХАТ бөлімінің басшысы, СҚО ПД жанындағы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімі қызметкерлері, тәжірибелі психотерапевтер мен медиаторлар сөз сөйледі.

1

– Біздің мақсат – отбасы мен отбасылық құндылықтарды қоғам мен мемлекеттің әлеуметтік негізі ретінде насихаттау. Сонымен қатар отбасындағы жанжалдар мен келіспеушіліктердің алдын алу арқылы ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынасты нығайту, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.

3

Диалог алаңы қатысушылардың өзара тәжірибе алмасуына жол ашты. Отбасында кикілжің пайда болған сәттен бастап мемлекеттік органдар мен мамандардың қандай іс-әрекетке көшетінін көрсететін толыққанды жүйе талданды. Ажырасу алдындағы және одан кейінгі кезеңдерде ұрыстан көз ашпаған ортада өскен балалардың психологиялық күйі де назардан тыс қалмады.

– Негізі, он жасқа толған бала ажырасу кезіндегі сотта ата-анасының қайсысымен тұратынын өзі таңдауы керек, – деді сарапшылар.

4

Бүгінде статистикаға сүйенсек, некеде 1 жылдан 4 жылға дейін бірге болған жұптардың ажырасу көрсеткіші артып отыр. Әйелдердің орташа жасы – 25-34, ерлерде – 30-39 жас аралығы. Кездесу барысында жастар тарапынан сарапшыларға қойылған өткір әрі өміршең сұрақтар да шараның маңызды бөлігіне айналды.

– Ажырасу – бұл себеп емес, салдар. Қазіргі жастар ескеруге тиіс ең маңызды жайт – некені сақтау мен нығайтудағы жеке жауапкершілік, — деп қорытындылады қатысушылар.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy