Мәжіліс депутаттары Халықаралық "Астана" қаржы орталығына (АХҚО) барды. Іс-шара депутаттардың сайлаушылармен кездесу мақсатындағы жұмыс сапары аясында өтті. Қатысушылар қатарында Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов та болды.
Кездесу барысында Магеррамов Мәжілістің үшінші сессиясында фракция криптовалюталарды енгізу және пайдалану мәселелеріне арналған жұмыс кездесуін ұйымдастырғанын еске салды.
– Маған цифрлық активтердің айналымына қатысты азаматтардан түрлі өтініштер жиі түседі. Сондықтан мені криптовалюта биржаларының қазіргі жағдайы, криптовалюта айналымын реттеу және Қазақстандағы цифрлық активтер нарығының даму келешегі алаңдатады, – деді депутат.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «CryptoCity» жобасы да жеке талқыланды. Жоба аясында криптовалютаны тауарлар мен қызметтерді сатып алу барысында пайдалану көзделген.
– Экономикамызды цифрлық нарықтың жаңа шындығына бейімдеу – ауқымды күш жұмсауды қажет ететін күрделі міндет. Бұл кездесу АХҚО-ның жобаны іске асыруға толық мүмкіндік пен ресурсы бар екенін көрсетті, – деп түйіндеді депутат.
Қазақстан Халық партиясы фракциясы елдегі цифрлық нарықты дамыту мәселелері бойынша жұмысты белсенді түрде жалғастырмақ.