Парламент депутаттары демалысқа шықты. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сегізінші шақырылымындағы үшінші сессия өз жұмысын аяқтады. Қорытынды бірлескен отырыс барысында депутаттар атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов атап өткендей, бұл шақырылым өз өкілеттігінің жартысын өткерді.
– Бұл – біздің бірлескен жұмысымыздың маңызды белесі Осы уақыт ішінде Парламент Президенттің ауқымды реформаларының алдыңғы шебінде жүрді. Біз Мемлекет басшысының азаматтардың сұранысы мен ел мүддесіне негізделген бағытын берік ұстанып келеміз, – деді ол.
Төрағаның сөзінше, үшінші сессия барысында Парламент Палаталарының 3 бірлескен отырысы және Сенат пен Мәжілістің 39 жалпы отырысы өткен. Қаралған 158 заң жобасының 89-ы қабылданған. Үш жылдық бюджет туралы заң жобасының шамамен 40 пайызы әлеуметтік салаға – білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік төлемдерге бағытталған. Биылғы жылдың басынан бастап базалық зейнетақы 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға артты. Қыркүйектен бастап стипендия көлемін көбейту көзделіп отыр. Сондай-ақ халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге және ауылдық елді мекендерді қолдауға қосымша қаражат бөлінді.
– Бұл шаралар азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттырып, өңірлердің дамуына серпін береді, – деді Ерлан Қошанов.
Қазақстан Халық партиясының Парламенттегі фракциясы да сессия қорытындысын шығарды. ҚХП депутаттары жұмыс барысында 6 заң жобасын ұсынды, 39 депутаттық сауал жолдады, 1029 нормативтік түзету енгізді, 3 ішкі және 2 көшпелі сараптамалық кездесу, 8 дөңгелек үстел ұйымдастырды. Сонымен қатар сот орындаушыларының қызметіне қатысты Үкімет сағатын өткізуге бастамашы болды.
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, фракция жетекшісі Магеррам Магеррамовтың айтуынша, ҚХП фракциясы заң шығару ісінде ең белсенді фракциялардың бірі.
– Біздің негізгі жұмысымыз – заң шығару. Біз әзірлеген кейбір заңдар бүгінде жұмыс істеп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстарымызды Парламентаризм институтымен және олардың сарапшыларымен бірлесе жалғастырамыз. Осы мәселе бойынша арнайы жұмыс кездесуі өтті, – деді ол.
Мәгеррамовтың айтуынша, нақты бір «ең маңызды» заң жобасын бөліп атау қиын.
– Біз үшін әр заң маңызды. Әрқайсысы белгілі бір саланы реттейді, жаңа мүмкіндіктер тудырып, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған, – деді депутат.
Оның сөзінше, фракция халықтың сұранысына жедел үн қатуға тырысады.
– Бізге деген сенім жоғары. Қоғам, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар фракцияның бастамаларды соңына дейін жеткізе алатынына көз жеткізді. Егер біз парламентте көп орынға ие болсақ, көтерілген барлық мәселені толық жүзеге асырар едік, – деді Мәгеррам Мәгеррамов.