Шығармашылық саланың шындығы

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов мәдениет пен өнер саласындағы проблемаларды анықтап, депутаттық сауал жолдады.

Депутат мәдениет пен өнердің маңыздылығы дау тудырмайтын ақиқат екеніне қарамастан, осы сала қызметкерлеріне кері әсер ететін бірқатар кемшіліктер бар екенін атап өтті. Мәжіліс депутаты Қазақстан Республикасы Конституциясының сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беретін 20-бабы аясында еңбекақының ұлғаюына қарамастан, мәдениет қызметкерлерінің еңбегін бағалау қалыпты болмай отырғанын атап өтті. Шығармашылық уақыт пен еңбек шарттарындағы сәйкессіздіктерді ескеру де аса өзекті екені айтылды.

– Мәдениет саласындағы проблемалар айрықша назар аударуды талап етеді, - деп мәлімдеді Магеррамов. - Өнер саласындағы еңбекті құрметтеу заң жүзінде ғана емес, шығармашылық кәсіпқой мамандар жұмысының нақты жағдайларына да сәйкес келуі тиіс. Мәдениет және өнер қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет.

Өз сөзінің соңында, ҚХП фракциясының жетекшісі Еңбек кодексіне осындай қызметкерлердің жұмыс режимін нақтылай отырып, өзгерістер енгізуді, сондай-ақ бір мезгілде бірнеше мөлшерлемеде жұмыс істеу мүмкіндігіне шектеулерді алып тастауды ұсынды. Оның пікірінше, бұл жағдай азаматтық-құқықтық шарттар жасасу кезінде мамандардың лайықты табыс табуына көбірек мүмкіндік береді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy