Қазақстан Халық партиясы атынан сайланған Мәжіліс депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Ислам Сұңқар Жетісу облысына жұмыс сапарын жалғастыруда. Сапар аясында ол жергілікті тұрғындармен, атқарушы орган өкілдерімен, өндірістік кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесу өткізіп жүр.
Ақсу ауданына барғанда депутат аудан әкімі Берік Тынышбаевпен жүздесті. Әңгіме барысында ауыл балабақшаларын қаржыландыру, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу, ауыл жастарының жұмыспен қамтылуы мен ауылдағы медицина қызметкерлерінің тапшылығы сынды мәселелер талқыланды.
Бұдан соң Ислам Сұңқар Жансүгіров ауылындағы Ақсу қант зауытына барды. 1967 жылы құрылған бұл кәсіпорын ұзақ жылдар бойы Қазақстандағы қант өндірісінің алдыңғы қатарында болды. 90-жылдардағы тоқырауды әрең еңсеріп, 2007-2017 жылдар аралығында өнім шығару мүлдем тоқтап қалған еді. Алайда кейін мемлекет пен жекеменшік серіктестігі нәтижесінде зауыт 10 жыл тұралап қалғаннан кейін қайтадан іске қосылды. Қазір кәсіпорынды «АқсуҚант» ЖШС басқарып отыр.
– Бұл – еліміздегі қант өнеркәсібінің жаңа тарихындағы ерекше жағдай, – деді депутат.
Модернизациядан өткеннен кейін зауыт әр маусым сайын 450 мың тоннадан астам қант қызылшасын өңдеуге қауқарлы. Нәтижесінде 65 мың тоннаға дейін қант өндіріледі. Шикізатты Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарындағы 200-ден аса шаруашылық жеткізеді. Науқан қызған шақта зауытта 600 адамға дейін жұмыс істейді. Дегенмен жұмыс маусымдық сипатта. Қазір мемлекет «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы зауыттың 49 пайыз үлесін жекенің қолына беру келісімін аяқтап жатыр (бастапқы бағасы – 4,5 млрд теңге болса, сауда барысында 1,5 млрд теңгеге дейін түскен). Бұл – өте маңызды қадам. Бұған дейін зауытты уақытылы іске қоса алмау салдарынан қызылша шіріп, жағымсыз иіс таралып, маса қаптаған болатын. Қаржыландыру мәселесін ертерек шешу – шикізатты толық өңдеуге және келесі маусымға алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді.
– Зауыт жекенің иелігіне өтсе, бюджет қаражатын күтпей-ақ, жұмыстарды ерте бастауға жол ашылады, – дейді еңбек ұжымы өкілдері.
Сонымен қатар, Ислам Сұңқар Көксу қант зауытына да ат басын бұрды. 1937 жылы негізі қаланған бұл кәсіпорын – өңірдегі ең көне әрі негізгі зауыттардың бірі. Ол елді отандық қантпен қамтуда маңызды рөл атқарады. Сапар барысында депутат өндіріс барысымен танысып, зауыт қызметкерлері және басшылықпен кездесіп, қант өндірісін дамыту жайын талқылады.
– Қазір зауыт жыл бойы тоқтаусыз жұмыс істейді. Көктем мен жазда – шетелден әкелінген қант құрағын, ал күзде – отандық фермерлер өсірген қант қызылшасын өңдейміз. 2024 жылы зауыт 254 мың тоннаға жуық қызылшаны қайта өңдеді! – деді көксулық технологтар.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау, егіс алқаптарын кеңейту, техника мен жабдыққа арналған субсидияны уақытылы беру мәселелері де қозғалды.
– Егер кешенді тәсілді ұстансақ, Қазақстан қант өндірісі саласында өзінің дербестігін күшейте алады, – деп қорытындылады сапарын Ислам Сұңқар.