Қазақстан Халық партиясынан Мәжіліс депутаты Асылбек Нұралин Павлодар облысына жасаған жұмыс сапарын жалғастыруда. Сапар аясында мәжілісмен облыстық мәслихат депутаты, ҚХП-ның өңірлік филиалының төрағасы Илья Мухортовпен бірге «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ның басшылығымен және жұмысшыларымен кездесті.
Асылбек Нұралин кәсіподақ саласында мол тәжірибесі бар азамат. Сондықтан кездесуде көтерілген басты мәселелер – жұмысшылардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету және жұмысшы мамандық иелерінің еңбекақысын арттыру жолдары болды. Депутат жұмысшы мамандықтарын таңдаған азаматтардың сұраныстары мен жағдайларына үнемі назар аудару қажет екенін айтып, олардың еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау үшін барынша қолдау көрсетілуі керектігін жеткізді. Ол бұл бағытта кәсіподақтардың атқарып жатқан нақты жұмыстарына мысал келтірді.
– Ел экономикасы мен өнеркәсібінің дамуына еңбек адамдарының қосатын үлесі орасан, – деді мәжілісмен.
Облыстық мәслихат депутаты Илья Мухортов өзінің жастар мәселелері жөніндегі комиссиядағы жұмысына тоқталып, жастар арасында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған түрлі шаралар қолға алынғанын айтты.
– Біз жас мамандарға металлургия сынды салаларда жұмыс істеудің тұрақты, әлеуметтік жағынан қорғалған әрі болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік беретінін үнемі еске саламыз, – деді Мухортов.
Зауыт қызметкерлері Үкімет пен Парламенттің жұмысшы мамандықтары жылы аясында өндірістік сала мамандықтарының беделін көтеру бағытында қандай нақты істер атқарып жатқанын сұрады. Асылбек Нұралин бұл жөнінде жан-жақты жауап беріп, алдағы уақытта бұл мәселе Мәжілісте де, салалық кәсіподақтар деңгейінде де кеңінен талқыланатынын атап өтті.