Мәжілістің сегізінші шақырылымдағы үшінші сессиясы аяқталды. Енді халық қалаулылары аймақтарға барып, сайлаушылармен кездесуге кірісті. Бұл үрдістен Қазақстан Халық партиясының депутаттары да қалыс қалған жоқ. Олар Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Алматы, Жетісу, Жамбыл облыстары мен Астана, Алматы және Тараз қалаларына баруды жоспарлап отыр.
Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан сапарын Түркістан облысынан бастады. Облысқа барған бетте ол өңір әкімі Нұралхан Көшеровпен, Қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаевпен және облыстық мәслихат депутаттарымен кездесті. Мәжілісмен өңірдегі жалпы жағдаймен танысып, халықты толғандырып отырған бірқатар жүйелі мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, ол Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Самат Байғұтовпен де кездесті.
– Кездесуде өңірдегі әлеуметтік қызмет көрсету саласының қазіргі жағдайы мен өзекті мәселелері сөз болды. Маған басқарма тарапынан атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар таныстырылды, – деді депутат сапар қорытындысы бойынша.
Сапар барысында депутат Кентау қаласындағы арнайы кәсіптік колледжге де барды. Мұнда оқу орнының басшылығы депутатты білім беру бағдарламаларымен және студенттерге жасалған жағдаймен таныстырды. Ал Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ақнұр Байболовамен кездесуде ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін қалалық инфрақұрылымды қолжетімді ету мәселелері талқыланды.