Қазақстан Халық партиясы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және «Мәдени мұра» жобасы аясында елдің барлық өңірінде Ұлы Отан соғысының қаһармандарына арналған ауқымды іс-шаралар өткізуде.
Қарағанды облыстық филиалы Ұлы мерейтойға арналған гуманитарлық-мәдени шара ұйымдастырды. Қонақтарға Қ.Нұржанов атындағы гимназия оқушылары мен 31775 әскери бөлімнің мәдени-сауық орталығы қызметкерлері дайындаған «Жеңіс әндері» атты әдеби-музыкалық композиция ұсынылды.
– Соғыс жылдарының жүректі тебірентер өлеңдері мен әндері қатысушыларға халқымыздың ерлігі мен төзімділігін, өлмес батырлығын еске салды. Мұндай шаралар тарихи естелікті сақтауда аса маңызды, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Сонымен қатар, қарағандылық партия мүшелері Ұлы Жеңіс пен Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіровтің ерлігіне арналған ауқымды патриоттық шаралар – велошеру мен жеңіл атлетика марафонын өткізді. Марафон Қарағанды қаласындағы батыр ұшқыштың ескерткішінен басталып, Ботақара, Қарқаралы арқылы тарихи мәні зор Нұркен ауылы мен оның маңындағы елді мекендерге дейін жалғасты. Жалпы ұзындығы 250 шақырымнан асатын бұл маршрут бойында жергілікті тұрғындар қатысушыларды жылы қарсы алып, қолдау көрсетті. Марафонға Олимпиада чемпионы Серік Сапиев те қатысты, бұл жастар үшін ерекше мотивация болды. Шара соңында қатысушылар медальдар мен алғыс хаттармен марапатталды.
– Бұл марафон әртүрлі аудандардың тұрғындарын біріктіріп, аталарымыздың ерлік істеріне деген құрмет пен патриоттық сезімнің айқын көрінісі болды, – деп түйіндеді қарағандылықтар.
Абай облыстық филиалының өкілдері, партияның жергілікті әйелдер қанатының жетекшісі Айнагүл Нұртазина басшылығымен Семей қаласындағы №20 орта мектепте Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына арналған волейбол турнирін ұйымдастырды. Турнирге қала мектептерінің 7 командасы қатысты. Жас спортшылар волейбол алаңында шеберліктерін паш етті. Жүлдегер атанған – №35 мектеп командасы, №20 және №13 мектептің волейболшылары марапатты орындарға ие болды.