Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданына қарасты Өрел ауылдық округінің әкімі болып Қазақстан Халық партиясының өкілі, ішкі істер саласының ардагері, отставкадағы полиция полковнигі Марат Шәріпов сайланды. Бұл туралы аумақтық сайлау комиссиясы хабарлады. Үміткерге жергілікті сайлаушылардың 74 пайызы дауыс берген.
Солдатово ауылында дүниеге келген Марат Шәріпов – кәсіби заңгер. Ол еңбек жолын 1992 жылы ШҚО ІІБ-нің патрульдік-бекеттік қызметінде қарапайым милиционер ретінде бастаған. 20 жыл ішінде қатардағы қызметкерден патрульдік полиция батальоны командирінің техникалық мәселелер жөніндегі орынбасары қызметіне дейін көтерілген. 2024 жылы полковник шенінде зейнетке шыққан соң, қоғамдық және партиялық жұмыстармен белсенді айналысып, нәтижесінде Өрел ауылдық округінің әкімі атанды.
Жаңа қызметінде ол округтің әкімшілік жүйесін ретке келтіруді, әлеуметтік-экономикалық және ауыл шаруашылық әлеуетін дамыту мен ауылдардағы инфрақұрылымды жақсартуды көздеп отыр.
– Ауылдық жерлерді жастар үшін тартымды етуіміз керек, – деген еді Шәріпов сайлауалды науақан кезінде.