Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова өңірлерге жұмыс сапарын жалғастыруда. Алматы қаласына жасаған сапары аясында депутат қала прокуратурасында өткен жұмыс кездесуіне қатысты. Жиында «Жанұя» оқу орнында білім алатын ерекше қажеттілігі бар балалардың құқықтарын қорғау мәселелері сөз болды.
– Бұл кездесуге ең алдымен түрткі болған – қоғам тарапынан түскен өтініштер. Азаматтар, соның ішінде оқу орнының қызметкерлері де мұндағы тәрбиеленушілердің әлеуметтік-медициналық мекемеге заңсыз түрде ауыстырылуы мүмкін деген ақпаратқа алаңдаушылық білдірген. Сонымен қатар балалардың білім алу және мүліктік құқықтарына қатысты сұрақтар туындады, – деді Ирина Смирнова.
Бұған дейін ҚХП депутаттары Алматы қаласының прокуратурасына ресми сұрау жіберген еді. Тексеру нәтижесі бойынша прокурорлар нақты мәліметтерді ұсынды. Олардың айтуынша, балалардың мұрагерлік құқықтары толығымен сақталған, оларға тиесілі пәтерлерге шектеу қойылған, бұл меншік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
– Тұрғын үйге мұқтаж балалар заңға сәйкес кезекке қойылған. Тәрбиеленушілердің білім алу, медициналық көмек алу, күтім, тәрбие, әлеуметтену және басқа да құқықтары толық сақталған, – деді прокуратура өкілдері.
Сондай-ақ құзырлы орган өкілдері бұл санаттағы балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жұмысы тұрақты бақылауда екенін атап өтті.