Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова сайлаушылармен кездесу мақсатында өңірлерге жасаған сапары аясында Алматы облысы Іле ауданына қарасты Ащыбұлақ ауылдық округіне барды. Кездесу барысында тұрғындар округтің инфрақұрылымы мен тіршілік нәрімен қамтамасыз ету мәселелерін қозғады.
Ауыл халқы ең алдымен ауыз судың тұрақты берілмеуіне шағымданды. Бұл – еліміздегі көптеген ауылдар мен елді мекендерге ортақ, жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан күрделі мәселе. Округтегі кәріз жүйелері мен тазарту құрылыстары осыдан жарты ғасыр бұрын, кеңес дәуірінде салынған. Сол уақыттан бері еш жөндеу көрмеген, жаңғыртылмаған бұл жүйелердің бүгінде әбден тозығы жеткен. Бұдан бөлек, көше шамдарының жетіспеушілігі де тұрғындарды алаңдатуда.
– Әсіресе 1964 жылы салынған тазарту құрылғыларының жағдайы қатты алаңдатады. Қондырғылардың техникалық мүмкіндігі шектеулі, әбден ескірген, бұл өз кезегінде ауаға зиянды заттардың тарауына әкеліп, экология мен тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіреді. Әсіресе ағын су бағыты бойынша төмен орналасқан елді мекендер үшін бұл – өте өзекті мәселе, – деді Смирнова.
Депутаттың айтуынша, бұл түйткілді мәселе уәкілетті органдардың шұғыл әрі кешенді шешімін талап етеді. Жауапты мекемелерден мәселені созбалаңға салмай, дереу нақты шаралар қабылдау қажет.