Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясының өкілі Ирина Смирнова аймақтарға жасаған жұмыс сапары барысында медицина, білім беру және бала құқықтарын қорғау салаларындағы өзекті мәселелерді тұрғындармен талқылады.
Алматы қаласына барған сапарында мәжілісмен қалалық Терi-венерологиялық диспансер ұжымымен кездесті. Дәрігерлердің айтуынша, олардың басты мәселесі – мекеме ғимараты. Ғимарат өткен ғасырдың орта шенінде салынғандықтан бүгінде әбден тозған.
– 80 жыл аз уақыт емес, осы уақыт аралығында тек ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ғимаратқа күрделі жөндеу қажет. Сонымен қатар диспансерге жеке орналасқан жаңа стационар керек, – деді диспансер қызметкерлері.
Кездесу қорытындысы бойынша Ирина Смирнова бұл мәселенің өзектілігіне назар аударды.
– Денсаулық сақтау басқармасы бұл мекемеге қолдау көрсетіп, ғимаратты қайта жөндеуді және кеңейтуді ұйымдастырады деп үміттенемін. Әрине, бұл ретте ғылыми және емдеу дәстүрлерін, сондай-ақ білікті медицина қызметкерлері ұжымын сақтау маңызды!, – деді депутат.
Сонымен қатар, мәжіліс депутаты Алматы қаласындағы «Жанұя» мамандандырылған кешеніне барды. Бұған дейін де Қазақстан Халық партиясы ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған бұл оқу мекемесінің тәрбиеленушілерінің тағдырына қатысты мәселелерді көтерген болатын: балаларды әлеуметтік мекемелерге заңсыз орналастыру, жетім балалардың мүлкінің сақталуы мен диагноз қою мәселесі сияқты жайттар талқыға түскен. Партияның бастамасымен бұл іске прокуратура араласты.
– Жалпы, балаларға қатысты кез келген жағдай – әрқашан ерекше алаңдаушылық тудыратын мәселе. Бұл әсіресе жетім балалар жайлы болса. Мұндай жағдайда балалардың қамқоршысы саналатын мемлекет өте мұқият әрі принципшіл болуы тиіс! – деді Смирнова.