Мәжіліс депутаттары «жасыл» сутегі тұжырымдамасын сынға алды

Мәжілісте «Қазақстан Республикасында сутегі энергетикасын дамытудың перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Экология және табиғатты пайдалану комитетінің мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері, сала мамандары мен сарапшылар қатысты.

Жиынды ашқан Комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин Қазақстан 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отырғанын атап өтті. Бұл мақсатқа жетудің негізгі құралдарының бірі – жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін «жасыл» сутегі. Екі жыл бұрын Энергетика министрлігі 2030 жылға дейінгі сутегі энергетикасын дамыту тұжырымдамасын бекіткен болатын. Құжатта сутегі құю бекеттерін салу, автобустарды, бу-газ қондырғыларын және өзге де нысандарды сутегімен қамтамасыз ету көзделген. Сонымен қатар, «Svevind Energy GmbH» компаниясы Маңғыстау облысында «жасыл сутегі» өндіретін зауыт жобасын әзірлеп жатыр. Алайда бұл жобаның өңір экожүйесіне әсері, су тапшылығы және су қауіпсіздігі сынды бірқатар мәселеге қатысты сұрақтар туындап отыр.

Жобаны жүзеге асыру үшін 34–60 миллион текше метр көлемінде су қажет болады. Бұл – қайтарымсыз шығындар. Энергетика вице-министрі Ілияс Бақытжан Қазақстанның жаһандық сутегі инфрақұрылымында лайықты орын алуына барлық алғышарттар бар екенін айтты. Ведомство 2030 жылға дейінгі тұжырымдама аясында бірнеше пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Мәселен, 2026 жылы бу-газ қондырғыларында сутегіні пайдалану, 2027 жылы сутегімен жүретін автобустарды қала көшелеріне шығару, 2028 жылы алғашқы сутегі құю бекеттерін салу көзделген.

– Бұл жобалар технологиялық шешімдерді әртараптандыруға, инвестиция тартуға және нормативтік-техникалық база қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді ол.

Баяндамалар тыңдалған соң депутаттар талқылауға көшті. Парламент мүшелері «Svevind Energy GmbH» жобасының Маңғыстау өңірінің экологиясына және сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне ықпалын, өндірілген сутегіні тұтыну нарығына жеткізу мен тасымалдау мәселелерін көтерді. Талқылау қорытындысында депутаттар Энергетика министрлігінің тұжырымдамасын жетілмеген құжат деп сынады.

Қазақстан Халық партиясының депутаты, Экология және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі Кенжеғұл Сейтжанның айтуынша, елімізде «жасыл экономикаға» көшуге мүмкіндік мол, бірақ мәселе – жүзеге асыруда.

– Энергетика министрлігі әзірлеген тұжырымдама толық пісіп жетілмеген. Бүгін көтерілген көптеген сұраққа вице-министр нақты жауап бере алмады. Министрліктің бұл бағытты қалай іске асыратыны жайлы көзқарасы айқын емес, – деді депутат.

Депутаттардың пікірінше, бұл саладағы инфрақұрылымды құрумен ҚР Индустрия және құрылыс министрлігі айналысуы тиіс. Ал Экология және табиғи ресурстар министрлігіне экологиялық стандарттардың сақталуын қадағалау міндеті жүктелуі қажет.

– Сутегі энергетикасы бізге қажет. Себебі мұнай – сарқылатын ресурс. Күн мен желден өндірілетін энергияның да өзіндік шектеулері бар. Ендігі мәселе – сутегі энергетикасы біз үшін қаншалықты тиімді, қанша қаржы жұмсалады, экологияға зияны тимей ме, адамдардың денсаулығына кері әсер етпей ме – соны таразылау, – деді мажилисмен.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy