Астанада оқушылар арасында футболдан қалалық турнир өтті. Бұл іс-шараның ерекшелігі жарыстың бастамашысы және ұйымдастырушысы 13 жасар Мағжан Әмірхан болды. Қазақстан Халық партиясы оны қолдап, жеңімпаздар мен үздік ойыншыларға арнайы сыйлық тағайындады.
Бастапқыда Мағжан арнайы чат құрып, құрдастарына футболдан жолдастық матч өткізуді ұсынады. Жасөспірімдер идеяны бірден қолдайды. Ойнауға ниет білдіргендердің саны күн санап өседі.
Турнирге барлығы 18 команда қатысты, ойыншылардың жасы 14-15 жасты құрады. Мағжан турнир кестесін құрып, футбол алаңдарын тегін алуға келісті. Іріктеу кезеңі бірнеше аптаға созылды. Топ жарып шықққан командалар финалда бақ сынады.
Жарыс қорытындысында жеңімпаз командалар медальдармен марапатталды. Қазылар алқасы 5 номинация бойынша үздік ойыншыларға кубок табыстады.
Төрешілер Әміре Жәниязды – «Үздік қақпашы», Әміре Нұржановты – «Үздік қорғаушы», Алдияр Әділгереевті – «Үздік жартылай қорғаушы», Таир Сүлейменовті – «Үздік шабуылшы», Алдамир Сағидуллаевты – «Үздік ойыншы» деп таныды. Жеңімпаздарды Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар мен ҚХП Астана қалалық филиалының басшысы Нұрдәулет Оразханов марапаттады.
– Қазақстан Халық партиясы саламатты өмір салтын қолдайды, – деп атап өтті Ислам Сұңқар. – Бүгінгі турнир дәстүрлі турнирге айналады деп үміттенеміз.
Матчқа қатысқан ойыншылардың ата-аналары турнирдің ұйымдастырушысы мен демеушісіне алғыс білдірді.