Алаяқты залалсыздандыру!

dep.jpg

Фото: Pixabay.com

Интернет-алаяқтықтың толқынын қалай тоқтатуға болады? Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов ҚР Бас прокуратурасының шақыруымен заңдылықты, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысына қатысты. Цифрлық кеңістікте жасалатын қылмысқа қарсы іс-қимыл шараларының тиімділігі жиынның негізгі тақырыбына айналды.

Киберқылмыс әлдеқашан Қазақстан азаматтарының жеке мәселесі болудан қалған. Ол цифрландырудың енгізілуі мен дамуына байланысты бүкіл қоғам үшін тікелей қауіпке айналуда. ҚХП парламенттік фракциясы бұл мәселені шешу бойынша нақты ұсыныс енгізілген депутаттық сауалдарды бірнеше рет жолдаған болатын. Екі жыл бұрын парламентарий осы саладағы қылмыстардың ашылу деңгейі өте төмен екенін атап өткен. Қазіргі статистика да жақсармай отыр: өткен жылдың қорытындысы бойынша, ашылу деңгейі небары 20,6%-ды құрады, ал азаматтарға келтірілген шығын 74 млрд теңгеге жетті.

– Қазіргі таңда кибералаяқтықпен күресте қолданылып жүрген көптеген әдістер нақты нәтиже бермей отыр, – деп атап өтті Магеррам Магеррамов. – Мысалы, «салқындату кезеңі» (ірі несиелерді беру мерзімін ұлғайту – авт.) азаматтарды толық қорғай алмайды.

ҚХП депутаттары банктердің кейбір қызметкерлерінің алаяқтық схемаларға қатысу ықтималдығын ескере отырып, заңсыз несие бергені үшін оларға жауапкершілік жүктеу қажеттігін көтерді. Сондай-ақ банк пен азаматтың ортақ (ынтымақты) жауапкершілігі моделін енгізуді ұсынды.

– Мұндай тәсілде банктер де зардап шеккен тарап ретінде танылуы тиіс, – деп түсіндірді мәжілісмен. – Бұл қаржы ұйымдарын несие беру рәсімдері мен қызметкерлерінің әрекетіне бақылауды күшейтуге ынталандырады.

ҚХП фракциясының басшысы бірқатар жүйелі шара ұсынды: жеке деректерді қорғауды күшейту, онлайн-несиелеуді уақытша тоқтату, несие алуға «келісім бермеу презумпциясын» енгізу және азаматтарды қорғауға бағытталған өзге де бастамалар.

– Бір нәрсе анық: бұл мәселеде кідіруге болмайды, – деп түйіндеді М. Магеррамов. – Шешім дер кезінде әрі алдын ала қабылдануы тиіс. Өйткені цифрландыру дамыған сайын алаяқтардың тәсілдері де жылдам жетілуде. Бұл жекелеген жағдай емес, жедел әрі батыл әрекетті талап ететін жүйелі қауіп.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy