28 қыркүйек – Қазақстанда атом саласы қызметкерлері күні. Қазір қоғамда республикадағы тұңғыш АЭС құрылысы туралы қызу пікірталас жүріп жатқанда, бұл мерекенің маңызы екі есе артып отыр.
Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Магеррам Магеррамов атом энергетикасын дамытпай, еліміз экономикалық тәуелсіздік пен тұрақты дамуға қол жеткізе алмайтынын айтады.
– Атом өнеркәсібі мемлекетті энергиямен қамтамасыз етуде, сондай-ақ инновациялық технологияларды дамытуда шешуші рөл атқарады. Атом энергетикасы белсенді дамып жатқан елдерде ол энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақтылықтың негізіне айналады, – деп атап өтті мәжілісмен.
Аталған сала бойынша Қазақстанның болашағы қандай? Ұзақ жылдар бойы елді тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ететін атом электр станцияларын қазірден бастап белсенді түрде салу. Сондықтан да ҚХП өкілдері алғашқылардың бірі болып халықты отандық ядролық жобаны қолдауға дауыс беруге шақырды. Оған қоса партия мүшелері, оның ішінде Мәжіліс пен мәслихат депутаттары АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың (6 партия мен 20-дан астам қоғамдық бірлестікті біріктірген) құрамына еніп, халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
– АЭС-тің жаңартылатын энергия көздерінен айырмашылығы олардың тәулік бойы жұмыс істей алатындығында және жел немесе күн электр станциялары сияқты ауа-райына тәуелді емес. Бүгінде заманауи мемлекеттер ядролық технологияларды медицинада, ауыл шаруашылығында және тағы да басқа салаларда пайдаланып отыр, – деді Магерамов.
Жалпыхалықтық референдумға бір аптадан аз уақыт қалды. Ол 2024 жылдың 6 қазанында өтеді. Бюллетеньде бір сұрақ болады: «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?». Ал дауыс берушінің таңдауына екі жауап нұсқасы ұсынылады: «иә, келісемін» және «жоқ, келіспеймін».