29 қазан - Жалпыұлттық аза тұту күні

dep.jpg

29 қазан Қазақстанда Костенко атындағы шахтада кеншілердің қаза табуына байланысты Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Қазақстан Халық партиясы орны толмас қайғыға ұшыраған шахтерлердің туған-туыстары мен жақындарына қайғысына ортақтасып көңіл айтады және зардап шеккендердің барлығының сауығып кетуін тілейді. Осы тұста «қайғылы оқиғаны болдырмаудың жолы қайсы? Мұндай жағдай қайталанбас үшін не істеу керек?» деген сұрақтар көкейде тұр.

«Инвестор» Арселор Миттал Қазақстанда 30 жылдан аса жұмыс істеп келеді. Оның қазақстандық жер қойнауынан қанша пайда тапқанын және біздің инфрақұрылымымызды дамытуға қаншалықты қаржы жұмсағанын есептеп шығуға болады. Алайда, осы уақыт аралығында өндірісте қаза тапқан 200-ге жуық біздің елдің азаматтарының орны толмайды! Қазір ел билігі қайғылы оқиғаның салдарын жеңілдету үшін барлық жағдайды жасап жатыр. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан кеншілердің отбасыларымен жеке кездесті. Бір өкініштісі, ауыр қайғыға тап болған отбасылардағы әйелдерге – күйеуін, балаларға – әкесін ешкім де, ешқандай өтемақы да қайтарып бере алмайды.

Осы апаттың барлығының алдын алуға болар еді. Бір жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан халық партиясы Арселор Миттал мен тау-кен металлургия кешенінің барлық ірі кәсіпорындарына қауіпсіздік техникасының бұзылуына қатысты кешенді аудит жүргізуді ұсынған болатын. Ол кезде, өкінішке қарай, біздің пікірімізге ешкім құлақ аспады. Біз оны қазір де естіп, тиісті шаралар қабылдайды деп шын жүректен үміттенеміз.

Жағдайға объективті түрде қарайтын болсақ, көмір өндіру өндірісіне ешқандай нақты жаңғырту жүргізілмегенін шынайы мойындауымыз керек.

«Инвесторлар» ескі кеңестік жабдықтарды тым ұзақ жылдар бойы сарқа пайдаланды. ҚХП өкілдері көмір саласының ардагерлерімен бірнеше рет сөйлесті. Компаниялар шахтерлердің еңбек етуіне қамқорлық жасамай, отандық заңнаманың барлық кемшіліктерін толық көлемде пайдалана отырып, барынша пайда табуға тырысады. Нәтижесінде, өндірістік ТЖ тұрақты сипатқа ие болады, ал құрбандар саны көбейеді.

Қазір жағдайды жақсылыққа қарай өзгертуге үміт бар. Мемлекет басшысы Үкіметке «Арселор Миттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Кәсіпорынға меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру жөнінде алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілді. ҚХП мұндай тәсіл басқа да «инвесторлар» үшін үлгі болады деп үміттенеді. Бұл жағдай Қазақстанда олигархиялық капитализм дәуірі аяқталып келе жатқанының белгісі. Егер «жекеменшіктер» өз міндеттерін орындай алмаса, онда кәсіпорындар сөзсіз мемлекеттік меншікке қайтарылады. Мұны Қазақстанның барлық стратегиялық маңызды салаларында жасау дұрыс болады.

Біздің азаматтарымыздың өлімінің үстінде бизнес жасап, табыс тауып отырған өршіген олигархтарды тоқтату қажет. 90-шы жылдардағы тонаушылық жекешелендірудің қорытындылары қайта қаралуы керек. Біз ҚР Президентінің көмір «өлім конвейерін» тоқтатып, тау-кен металлургия саласының проблемаларын шешумен айналысу ниетін қолдаймыз. Еңбек қақтығыстары тек қана жұмыс берушінің пайдасына шешілетін, ал апаттар мен қауіпсіздік техникасының бұзылуы тек қана қызметкерлердің мойнына артылатын кездер өтті.

Дәл қазір заңнаманы өзгертіп, оны Қазақстан экономикасының нақты секторын қалыптастыратын Еңбек адамын қорғауға қайта бағдарлау уақыты келді. Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге қызмет ететін кәсіподақ ұйымдарының рөлін қалпына келтіру қажет. Тек осылай ғана біз өндірістік апаттарды төмендетуге, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, соның салдарынан осындай ТЖ-дағы мәліметтерді барынша азайтуға қол жеткіземіз. Осылайша ғана біз Жаңа Қазақстанды құра аламыз.

Қазақстан Халық партиясы қаза тапқандардың отбасыларына қайғыра отырып көңіл айтады. Біздің қатарымызда көптеген шахтерлер мен металлургтер бар, біз тау-кен саласында жинақталған проблемалар туралы жақсы білеміз. ҚХП мемлекетіміздің әл-ауқатын арттыру жолында аянбай еңбек етіп жатқан ел азаматтарының жайлы да қауіпсіз жағдайда жұмыс істеуі үшін барынша күресетін болады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy