4 баласы бар көпбалалы аналардың зейнет жасын төмендету қажет

Мәжіліске Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Гаухар Танашева өңірлерге жұмыс сапары барысында Қонаев қаласының Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектебіне барып, күрделі жөндеу жұмысын көзбен көріп қайтты.

Депутат елімізде апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп болмауы керек екенін атап өтті.

– Елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылға дейін 842 мың бала заманауи мектеппен қамтылуы тиіс. Өкінішке қарай, үш ауысымды, апатты және ескі мектептер мәселесі түбегейлі шешілген жоқ. Ұлттық жоба аясында салынатын мектептер осыған дейінгі олқылықтың орнын толтырып, саналы әрі сапалы шәкірт тәрбиелеп шығаруға ықпал етуі керек, – деді ол.

Бұдан кейін Г.Танашева көпбалалы аналармен және партия филиалының активімен кездесті.

Мәжілісмен көпбалалы аналардың күрмеуі шешілмеген мәселелері көп екенін баяндады.

– Атаулы әлеуметтік көмекті 70 мың теңге көлеміндегі жәрдемақыға алмастыру туралы депутаттық сауал жолдадым. Бұл мәселе шұғыл шешілмейді. Себебі бұған дейін мұндай талап қойылып, мұндай мәселе көтерілмеген. Дегенмен сең сетінеді, біз мақсатқа жету жолында жан аямай еңбек ете береміз. Көпбалалы аналар Үкімет әр балаға 70 мыңнан бермесе де, 25 мыңнан берсе екен деген өтініштерін білдіріп жатыр.

Барлығын уақыт көрсетеді, – деді Г.Танашева.

Осыдан соң депутат көпбалалы ана мәртебесі өмір бойы сақталуы тиіс деген бастамасын түсіндірді. – Елімізде үйдің үлкені кәмелетке толғаннан кейін аналар көпбалалы деген мәртебесінен айырылады. Бұл аяулы аналарға деген әділетсіздік. Біз балалардың жасына қарамастан төрт немесе одан да көп перзентті дүниеге әкелген немесе асырап алған аналар үшін өмір бойы «Көпбалалы ана» мәртебесін сақтауды ұсындық, – деді депутат.

Оның сөзінше, қазіргі заңнамаға сәйкес 5 және одан көп баласы бар аналар – 53 жаста, ал 4 перзенті бар көпбалалы аналар – 63 жаста (5 жылдық мораторий әйелдердің зейнетке шығу уақытын 61 жас деп шектеді) зейнетке шығады. Бұл өз кезегінде «Көпбалалы отбасылардың белгілі бір санатын кемсіту болып табылады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy