5 қыркүйек – Ахмет Байтұрсынұлының туған күні

dep.jpg Бүгін Алаш руханиятының темірқазығы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Сонымен қатар Қазақстан халқы тілдері күні.

Ел азаматтары қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тілдер мерекесін тойлайды. Бұған дейін (1998 жылғы 20 қаңтардан бастап) 22 қыркүйекте атап өтілетін мереке Үкіметтің «Қазақстан Республикасында мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» қаулысымен 2017 жылы 5 қыркүйекке ауыстырылды. Жалпыхалықтық атаулы дата қазақ тілінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаға құрмет көрсету мақсатында өзгертілді.

Ахмет Байтұрсынұлы ақын, лингвист, әдебиетші, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы. Қазақтың тұңғыш ұлттық әліпбиінің авторы. Төл терминологиямыздың негізін қалаушы. Халқына «Қырық мысал» мен «Маса» атты туынды ұсынған ағартушы.

2022 жылы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілді. Атап өтерлігі, Алаш арысының есімін дәріптеп, мұрасын түгендеу үздіксіз жалғасып жатыр.

Қаламгерлігі мен қайраткерлігі қатар ұштасқан тарихи тұлғаның өнегелі өмірі келер ұрпаққа үлгі болып қала бермек.

Ахмет Байтұрсынұлының туған күні, Қазақстан халқы тілдері күні құтты болсын. Ана тіліміздің абыройы асқақтап, мәртебесі биіктей берсін!


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy