АЭС құрылысы бойынша алдағы референдумды Қазақстандағы барлық сайлаушы үшін барынша қолжетімді ету үшін не істеу керек? Бұл мәселе ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында талқыланды.
ОСК төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша, халықтың референдумға еш кедергісіз қатыса алуы үшін барлық қажетті шараны жасау қажет.
«Барлық шара азаматтардың референдумға барынша қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған», - деді ол.
Отырыста ОСК өкілдері мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты дауыс беру мүмкіндіктері туралы айтты. Ал өңірлік комиссиялар сайлау учаскелерінің электоратты қабылдауға дайындығы жөнінде есеп берді.
АЭС құрылысы бойынша өтетін референдумда бюллетеньде тек бір ғана сұрақ болады: «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?». Дауыс берушінің таңдауына екі жауап нұсқасы ұсынылады: «иә, келісемін» және «жоқ, келіспеймін». Әрбір азаматқа референдумның күні, уақыты, орны және дауыс беру тәртібі көрсетілген ресми шақыру жіберіледі.
– Шақыруда пайдалы сілтемелері бар QR код болады. Сол арқылы қазақстандықтар толық ақпарат ала алады, - деді Константин Петров.
АЭС құрылысы бойынша жалпыхалықтық референдум 2024 жылдың 6 қазанына белгіленген. Қазақстан Халық партиясы АЭС құрылысын қолдаушылар қатарында. Бұған дейін партия халыққа тиісті үндеу жасап, өз көзқарастарын мәлімдеген болатын.
«...Сіздерді еліміздің болашағына, оның дамуы мен әл-ауқатына тікелей ықпал ететін бұл шешімді ақылға қонымды түрде әрі жан-жақты саралай отырып қабылдауға шақырамыз. Енді халқымыз өз тағдыры мен болашағы үшін өзі таңдау жасауы тиіс. Біз қандай ел боламыз? Электр энергиясы үшін көршісіне тәуелді ел боламыз ба? Әлде өзін-өзі қамтамасыз ету мақсатында заманауи технологияларды тиімді қолданатын, энергетикалық тұрғыда тәуелсіз мемлекетке айналамыз ба?», – делінген париия үндеуінде.