Қазақстан Халық партиясының депутаттары мектептерге турникеттер орнатуға қарсы екендіктерін жеткізді. Сейсмологиялық белсендiлiктiң өсуiн ескере отырып, проблема одан әрi өзектi болып отыр.
– Қазір мектеп фойесіне топтап орнатылған турникеттер мен басқа да бөгеттер мәселесі өзекті болып тұр, - деп есептейді ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов. - Біз қаласақ та, қаламасақ та, жер сілкінісі күндіз де болуы мүмкін ғой. Сонда шығу жолындағы турникеттердің кесірінен бар бала кептеліп қалуы мүмкін!
Жер сілкінісі кезінде мектеп ғимараттары, әдетте, эвакуациялық қабылдау пункттері және халықты жинау орындары ретінде пайдаланылады. Бұл жағдайда турникеттердің болуы да жағдайды қиындатады.
Мектептердегі турникеттер Қазақстанда қауіпсіздіктің өте қатерлі шарасы болып шыққандығы жайлы оқиғалар да болды. Өткен жылы Көкшетаудағы № 1 мектеп-гимназияда бұл тосқауылдар сабақтан кейін шығып бара жатқан оқушыларды жаппай кептеліске ұрындырып, қысым жасады. Оқиғаның бейнесі әлеуметтік желілерде жарияланып, қоғамда кең резонанс тудырды.
Ол кезде, бір қуантарлығы, ешкім зардап шеккен жоқ. Алайда, төтенше жағдай кезінде орны толмас зардаптары бар қасіретті жағдай болуы да мүмкін ғой!
– Мектептерде турникет орнатуға болмайды! - деп ол кезде де ҚХП депутаттары бұл жүйеге қарсы шыққан болатын. - Өрт, жер сілкінісі секілді кез келген қиын дүрбелең жағдайда бұл турникеттер дер кезінде ашылып үлгермейді. Ал бұл қозғалысты тоқтатып, балаларды қауіпсіз жерге қашып шығып, аман қалу мүмкіндігінен айырады!
Партия мүшелері оқу орындарында «бар екен деп айту үшін ғана» енгізілетін атаулы және пайдасыз «қауіпсіздік» шараларын бірнеше рет сынға алған болатын. Қазір ҚХП депутаттары құзыретті органдарға қауіпсіздік нормаларына сай келмейтін мектеп турникеттерін демонтаждау туралы өтініш жолдауға ниетті.