ҚХП депутаттары Премьерлікке ұсынылған жаңа кандидатты қолдамады

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының депутаттары жаңа Премьер-Министрдің кандидатурасын дауысқа салғанда қалыс қалды. Бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы отырыста сөйлеген сөзінде Мәжіліс депутаттарына Үкіметтің жаңа басшысы Олжас Бектеновты таныстырды. Осы уақытқа дейін Бектенов сыбайлас жемқорлыққа қарсы құрылымдарда жұмыс істеп, Мемлекет басшысының әкімшілігін басқарды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Министрлер кабинетінің ауысуын еліміздің атқарушы билігіне жаңа серпін беру қажеттілігімен түсіндірді.

– Үкімет экономиканы ынталандыруға және халқымыздың игілігі үшін әртараптандыруға бағытталған батыл, нақты шешімдер қабылдауы қажет, - деп атап өтті ол. - Бұл өте маңызды және стратегиялық сипатқа ие міндет.

Ал дәл қазіргі жағдайға ҚХП парламенттік фракциясы депутаттарының көңілі көншімей отыр. Фракция басшысы Магеррам Магеррамов экономикалық өсу қарқынын нақты арттыру үшін елге басқару мен ұйымдастырудың жаңа тиімді тәсілдері қажет екенін атап өтті.

– Экономикада табыс болмаса, нақты экономикалық өсімге қол жеткізе алмасақ, біз қабылдаған әлеуметтік бағдарламалар тек ниет күйінде қалып кетуі мүмкін тәуекелге барып отырмыз,- деп нақтылады Магеррамов. – Саннан сапаға өтетін, түпкілікті нәтижелердің тиімділігіне көшетін кез келді.

Салық секторы, инвестициялық саясат, баға белгілеу және отандық экономиканың басқа да салалары прогрессивті қарқынды қажет етеді. Мұны жаңа Үкіметтің жасай алатынына ҚХП депутаттары сенімді емес.

– Біздің фракцияның шешімі - Министрлер Кабинетіне ескі тәсілдерді өзгерту керек, жаңаша жұмысты ескі мазмұнмен толтырмау керек деген сыңайда белгі беру, - деп мәлімдеді М.Магеррамов. - Жаңа Премьер-Министрдің батыл әрекетімен біздің күмәніміз жойылмайынша, бізде осындай ұстанымда қаламыз.

Пікірталас қорытындысы бойынша, Парламент Мәжілісі көпшілік дауыспен Олжас Бектеновті ҚР Премьер-Министрі етіп тағайындауға келісім берді. Мәжілістің жеті депутаты дауыс беру кезінде қалыс қалды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy