Абай облысындағы трагедия қайталануы мүмкін

Қазақстан Халық партиясының өкілдері «Семей Орманы» резерватында қаза тапқандар мен өрттен зардап шеккендердің отбасыларына көңіл айтып, 16 отбасына материалдық көмек көрсетті. 15 отбасы жақын адамынан айырылса, бір отбасының үйі өртеніп кетті.

Өкініштісі, қазақстандықтар Абай облысында болған қайғылы оқиғаны ұмыта бастады. Ал туыстары мен жақындарынан айырылған азаматтардың қайғысы жүректерінде жара болып қалды.

– Біз партия және партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаевтың атынан көңіл айттық, – деді ҚХП ұйымдастыру бөлімі бастығының міндетін атқарушы, Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрдәулет Оразханов. – Өте қайғылы оқиға орын алды. Азаматтар бейбіт уақытта қайтыс болды. Мұндайға жол беруге болмайды.

Егер, өрт сөндірушілер мен резерват қызметкерлері тиісті жабдықпен жабдықталған, техникалық құралмен қамтамасыз етілген болса, қайғылы оқиға болмас еді.

– Қайғыдан қан жұтып отырған балалар мен әйелдерді, аналарды көру өте қиын, – деді Н. Оразханов. – Мемлекет оларға жан-жақты көмек көрсетті, бірақ ешқандай көмек әкенің, ұлдың немесе ағаның өмірін алмастыра алмайды. Қазір бұл отбасыларға психологиялық, моральдық қолдау ауадай қажет. Жергілікті әкімдіктер көшелердің біріне қайтыс болған орманшының атын беруді ұсынып жатыр. Партия өкілдері батырлар құрметке лайық деп санайды.

– Бұл адамдар өз кәсібін, өз Отанын жақсы көрді, – деді Н. Оразханов.

Сапар барысында ҚХП өкілдері облыстың бірқатар орманшылықтары мен өрт сөндіру бөлімдеріне барды. Өкініштісі, ештеңе өзгермеген, өрт сөндірушілер осыған дейінгідей ескі техникамен жұмыс істеп жатыр. – Бір жыл бұрын Қостанай облысында осындай ауқымды өрт болды, – деп еске салды ҚХП Астана қалалық филиалының төрағасы. – Өкінішке қарай, біз одан ешқандай сабақ алған жоқпыз. Бұған Абай облысындағы өрт дәлел. Ары қарай шара қолданылмаса, Абай облысындағы трагедия қайталануы мүмкін.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy